Алматы облысында 12 үй бір күнде тоналды. Тұрғындар ұрыларды ұстауға билік өкілдері дәрменсіз болса, өзіміз әрекет етеміз деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір емес бірнеше мәрте аудан әкімнің атына хат жазып, әкімдік табалдырығын да тоздырған. Себебі Қайнар селолық округіне қарасты 11 ауылда бар болғаны екі учаскелік инспектор жұмыс істейді екен. Соның кесірінен ұрылар тайраңдап кетті дейді жұрт.
Екі күн бұрын қызының үйіне ұры түскен Жаңыл Дүкенбайқызы «сол кеште барлығы қас-қағым сәтте болды» дейді. Кешкі мезгілде бір көшеде жеті үй тоналған. Жарты сағатқа шығып кеткен қызының үйін ұрылар астан-кестеңін шығарған. Ұрылар алыстан келмейді, ауыл ішінде кімнің не істеп жүргенін жеткізуші біреу бар дейді.
Сол күнгі болған оқиғадан шошынып қалған үй иелері үй ішін әлі күнге дейін қалыпқа келтірмеген. Ұрылар еш асықпағанға ұқсайды. Себебі жиналған көрпені асықпай қараған, сандықтың ішін ақтарған, оған қоса балалар ойыншықтарының арасынан балалар ойнайтын планшетті де жымқырған. Ақыр аяғы мына жерде ілініп тұрған теледидарды да көтеріп кетіпті.
Зейнеткер күйеу баласы жұмыста болғандықтан, қызының үйіне қонады екен. Себебі сол күнгі жағдайдан кейін қызы қорқып қалған.
«Біздің құқығымызды қорғайтын, біздің сөзімізді сөйлейтін кім бар? Не істерімізді білмейміз. Жалғыз менің үйім емес, сол күні біраз үй тоналды. 12 үй. Кімге арызданып, кімге шағымданамыз? Біздің сөзімізді сөйлеп, бізге көмектесер кім бар?», – деді Жалқамыс ауылының тұрғыны Жаңыл ҚАРАСАЕВА.
Жалқамыстықтар мәселені көтеріп әкімдіктің табалдырығын талай тоздырса да, құрғақ уәдемен шығарып салады екен. Ауылға жеке учаскелік инспектор сұрағандарына екі жылдан асқан. Ал полиция қызметкерінің жетіспеушілігінен ұрылар білгенін істеп жүрген көрінеді.
«Тірек пункті бір елдімекен болған соң 15 ауылға емес бір бутка қойып қойсын. Төрт шифер қойса да, титтей ғана бір бутка салып беруге болады ғой. Милиция сол жерде отырсын. Кезекпен тұрсын. Ұрыларды ұстай алмаймыз. Ұры қашан ұсталады, біреуді пышақтайды. Не ұры өледі, не адам өледі, сол кезде бір-ақ ұсталады. Оған дейін ұсталмайды», – деді Жалқамыс ауылының тұрғыны Жеңіс ЖҰМАБЕКОВ
«Биыл келді ғой жаңа аудан әкімі. Оған да тірек пункті қою керек деп айттық. Жалқамыс – үлкен ауыл. Дәулет, Тереңқара бар. Тірек пункт керек», – деді Жалқамыс ауылының тұрғыны Ержан ЖҮНІСБАЕВ
Елдің назын тыңдағаннан кейін Қайнар ауылдық округінің әкімдігіне бардық. Ауыл әкімі Талдықорғанға оқуға кетіпті. Ал, бізді қарсы алған орынбасары қысқа қайырды.
«Жоспарда бар. Салынуы 2021 жылы. Жері шешілген. Құрылысына қаражат күтіп отырмыз», – деді Талғар ауданы Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекәлі ТҮҢЛІКБАЕВ.
Әкімнің орынбасары полиция бекеті биыл салынбайтынын кесіп айтты. Ал ұрыларды ұстауға тиіс облыстық полиция департаментінің өкілдері арыз түскенін растап, заң аясында шешілетінін жеткізді.
«Өткен тәулікте ұрлық дерегі бойынша полицияға ресми арызбен Жалқамыс елді мекенінің үш тұрғыны шағымданды. Аталған деректер тіркеліп, олар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Облыстық Пд ресми өкілі Бота ӘЗІРБЕК.
Ауылдың құтын қашырған сұғанақтардың мәселесі әзірге қашан шешілері белгісіз. Әкімдік полиция бекетін келер жылға қалдырса, полиция қызметкерлері ұрыларды ұстау үшін нақты қандай жұмыстар атқарылатынын айтпады. Ал, Жалқамыс тұрғындары қылмыскерлерді өздері аңдымақ.
Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы