Кеген – Нарынқол: Алматы облысында 74 шақырымдық жол қайта жаңғыртылды
Күн сайын бұл бағытта 1200-ден астам көлік қатынайды
Алматы облысында республикалық маңызы бар, 74 шақырымға созылған «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысы толық аяқталып, көлік қозғалысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңарған жол жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік қозғалысының қолайлылығын арттырады. Күн сайын бұл бағытта 1200-ден астам көлік қатынайды. Жоба құны – 8,1 млрд теңге. Құрылыс жұмысына 350 мың тонна құм-қиыршықтас және 165 мың тонна асфальтбетон қоспасы пайдаланылды. Сонымен қатар жол бойындағы 14 аялдама жөнделіп, 78 жол қиылысы мен кірме жол ретке келтірілді. Су өткізу жүйесін жақсарту мақсатында алты құбыр орнатылды.
Жолдың салтанатты ашылу рәсіміне игі жобаны іске асырған жұмысшылар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері, облыс, аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі сапалы жол экономиканы өркендетіп, халықтың тұрмыс деңгейіне әсер ететін басты негіз екенін атап өтті.
«Аталған бағыт шалғайда жатқан қос ауданның елді мекендерін жалғап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз тасымалдауға, туризмнің дамуына және аймақтағы экономикалық байланысты нығайтуға тікелей ықпал етеді. Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына жағдай жасалды. Ендігі кезекте жолдың күтімін сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Атқарылған жұмыстың игілігін ел-жұрт ұзақ жылдар бойы көруі қажет», – деді Шыңғыс Әрінов.
Соңғы екі жылда «ҚазАвтоЖол» Алматы облысындағы жол инфрақұрылымын дамытуға 32 млрд теңге қаржы бөлді. Соның арқасында 400 шақырым жол жаңартылды. Қазіргі таңда «Алматы – Қаскелең» автомобиль жолы 4-тен 8 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жыл соңына дейін «Алматы – Талғар» бағытында жөндеу жұмысын бастау жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда қаржы пирамидасынан 275 адам зардап шекті