Елімізде ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Жоспарды іске асыруға 18 мемлекеттік орган, әкімдіктер, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қатысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 2026-2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Құжат отандық өндірісті дамытуға, дрондарды экономиканың түрлі саласына енгізуге және 1 000 маман даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Үкіметтің 2026 жылғы 13 қазандағы қаулысына сәйкес, жоспар аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелердің бірыңғай цифрлық платформасы мен әуе қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесі енгізіледі. Бұл ұшу аппараттарын тіркеу, өтінім беру және ұшу маршруттарын келісу рәсімдерін цифрландыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отандық аппараттық компоненттер мен бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісін дамыту, кемінде екі ғылыми-зерттеу орталығын құру және жаңа буынның 1 000-нан астам маманын даярлау көзделген.

Жоспарды іске асыруға 18 мемлекеттік орган, әкімдіктер, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қатысады. Үйлестіру міндеті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүктелген.

Құжатта дрондарды пайдалану саласындағы бақылауды күшейту, операторларды сертификаттау, иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру және байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптарды реттеу мәселелері де қамтылған.

Ұшқышсыз технологияларды ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен металлургиясы, логистика, коммуналдық шаруашылық және экологиялық мониторинг салаларында қолдану жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары ұшқышсыз жүк тасымалдарын сынақтан өткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылмақ.

Сондай-ақ дрон-порттар, вертипорттар, автоматтандырылған зарядтау станциялары мен спутниктік байланыс инфрақұрылымын дамыту көзделген.

Оқи отырыңыз: Кеген – Нарынқол: Алматы облысында 74 шақырымдық жол қайта жаңғыртылды