Бостандық ауданында жылу құбырлары жаңғыртылып жатыр
Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында Алматының Бостандық ауданында жылу желілерін жоспарлы қайта жаңғырту жалғасуда. Бұл жұмыс аясында 1984 жылы пайдалануға берілген жалпы ұзындығы 1,2 шақырымдық жылу магистралі ауыстырылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлауынша, осыған байланысты 2025 жылы 16 тамыздан 27 тамызға дейін Розыбакиев пен Байкадамов көшелерінің қиылысында автокөлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.
Бұл шектеулер аталған көшенің астынан өтетін құбыр желісін қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Жаңарту жұмыстары кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.
Аталған жылу магистралі 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке тұрғын үйді, 4 балабақшаны, 2 аурухананы және 27 өзге де нысанды жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетеді.
Естеріңізге сала кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармаларының әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ «2GIS» және «Яндекс карталар» сервистерінде жарияланған.
Оқи отырыңыз: Алматыда Жамбыл көшесінің қозғалысы уақытша шектеледі