5 маусымда Жаңа Қазақстанның тарихтағы тағы бір парағы ашылмақ. Ата Заңның 33 бабы бойынша 56 өзгерістің жобасы ел талқысына түседі. Өзгерістер қабылданған жағдайда ел болашағы қалай өзгереді? «Алматы» телеарнасы елеулі оқиғаның мәнін түсінідіріп, референдумның маңызына тоқталды.
Хандығы көне заманда құрылған қазақтың тарихы тым терең, өте бай. Тіпті, заңынан бастап, өмір сүру қағидаттары белгіленген ұлт. Ал 1991 жылы Тәуелсіздігін жариялап тұғырын тіктей сала ең негізгі ережесін бекітті. Бұл – 1993 жылы қабылданған Ата заң. Бүгінге дейін ширек ғасырдан астам уақытта шикі тұсы пісті, кем-кетігі толықтырылды. Ал ендігі мерзімде тағы өзгеріс пен толықтыру енгізу талабы тұр. Оның ішінде заманауи да, адами да қажеттілік бар.
Ел тілегін ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында республикалық референдум өткізуді ұсынды. Арада ай өтпей, жарлық жария болды. 5 маусымда референдум өткізіліп, Ата заңның 33 бабы бойынша 56 өзгерістің жобасы ел талқысына түседі. Конституциялық реформа дегеніміздің өзі – осы.
«Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Референдум саяси жүйені қайта жаңғырту үшін қажет. Бұл реформа Жаңа Қазақстандағы билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынас балансын оңтайландырады, халықтың мемлекетті басқару ісіне тікелей араласуын қамтамасыз етеді, осы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді. Қысқаша айтсақ, референдумның нәтижесі – мемлекеттік модельдің жүйелі трансформациясы болмақ.
27 жыл бұрын сол кездегі Үкімет үйі саналған ғимаратта алғашқы референдумның нәтижесі жарияланған еді. Ширек ғасырдан уақыт асқанда Қазақстан халқы тағы да таңдауды талғамға салғалы тұр. Жалпы, референдум дегеніміздің өзі не? Ауыз толтырып айтып жүрген саяси науқан ел үшін қаншалықты маңызды? Құжат қалай қабылданып еді?
Референдум жұрт үшін таңсық емес. Заман талабына сай түзету еніп, тағдыршешті шешім болады деген заңның тарихы керек десеңіз, тәуелсіздіктен де тереңде жатыр. Ал егемендік дәуірінде ел азаматтары үшінші рет талқылау өткізбек. Біріншісі референдум 1995 жылы 29 сәуірде болды.
Екінші референдум араға 4 ай салып өтті. Бұл жолы да республика халқы бір ғана «Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап берді. Елдің ең негізгі құжатының жаңа жобасын талқылау негізінде ондағы 98 баптың 55-іне 1100 түзету мен қосымша енді. Бұл жолы Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған еді.
«Өзгерістер өте қажет. Оны халықтың өзі талап етіп отыр. Қазір халықтың арасында талқыланып жатыр. Бірігу, елдегі тұрақтылықты қалыптастыруда референдумның берері көп», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Есеп бойынша екінші референдумға 8 миллион адам қатысыпты. Оның 7 млн 210 мыңы ұсынысты қолдаған. Сөйтіп, конституциялық реформа 90% дауыс жинап, ресми қабылданды.
«Ол референдум менің түсінігімде, үлкен өрлеумен өтті. Халық сол референдумнан кейін жаңа Конституцияның пәрменімен бұдан да тамаша қоғам құрамыз деп үміттенді. Үміт... Мен айтпаймын толық ақталды деп», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.
Жаңа Қазақстан. Қоғамы либерализацияға, демократияға ұмтылған, ашықтықты, жариялылықты талап ететін мемлекет. Жаңа кезеңге жаңа реформамен қадам жасаған Президент Ата заңға бірқатар өзгеріс енгізу үшін референдум өткізуді ұсынған еді. Бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерісте де Парламенттің ғана шешім қабылдағанын айтқан ол «Ел тағдырын анықтауда әрбір азаматқа мүмкіндік берілуі тиіс» деген. Алдағы жалпыхалықтық дауысқа салу осындай маңызды демократиялық институттың қалыптасуына іргетас болмақ.
«Референдум қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген Екінші Республика деген ұғымның шын мәнінде орнататын тағдыршешті, бетбұрысты оқиға дер едім. Біз соған белсенді түрде атсалысуымыз керек. Көп жағдайда халық сайлауға бармайды. Енді мемлекет өзі мүмкіндік беріп тұрғанда референдумға бәріміздің белсенді қатысуымыз керек. Референдумға жаңа көзқараспен барамыз деп ойлаймын», – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.
Республикалық референдумның өтетінін білдік. Оған азаматтардың қатысып, дауыс беруге құқылы екенін ұғындық. Ендігі сұрақ: Біз ұсынылған жобамен, өзгеретін баптармен таныспыз ба?
Президент жариялағанымен, референдумға ұсынылған мәселелердің қабылдану яки қабылданбауы тікелей халықтың қолында. Конституциялық заңда да анық көрсетіледі. Алдағы науқанда Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделіп отыр.
Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер:
• Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халықтың меншігі деп жариялау;
• Елдегі өлім жазасын жою;
• Конституциялық Сот құру;
• Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту;
• Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту;
«Өздері сайлаған депутат халыққа жақын болады. Сондықтан 70/30 деген, меніңше, дұрыс шешім деп ойлаймын. Келешекте дамыта түсер. Көп мәселеде, сайлауда халыққа еркіндік беруі керек», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
«Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Жалпы алғанда, тұтас саяси жүйе жаңғырмақ. Бұл дегеніміз, орныққан Парламент, мажоритарлық сайлау, Президент құзыретіне шектеу енгізу мен суперпрезиденттік түсініктен арылу. Олар ел ішінде көп талқыланды.
«Билік тізгінін бір адамда болса, түбі қателікке ұрындырады. Бұдан біз өзіміз, Қазақстан мемлекеті опық жедік. Қазір осы бір адамға қарап қалған саяси жүйе емес, ұжымдық-коллективтік басқару жүйесінде Президенттің бірталай лауазымын Үкіметке, оның ішінде төменгі палата Мәжіліске беру қарастырылған. Өзін-өзі басқару да бұрынғыдай жоғарыдан тағайындалмайды. Осындай өзгерістер Конституцияға енгізілгелі отыр», – деді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Ел екеніңді айғақтайтын әуелгі заңнамалық құжатта бұған дейін «Конституциялық Кеңес» деп қолданылған ұғым енді «Конституциялық Сот» болып ауысуы мүмкін. Референдумдағы өзгерістер бірауыздан қабылданса, азаматтардың құқығын осы тәуелсіз сот органы қорғайды. 1993 жылғы Ата заңның тәжірибесіне сүйенсек, Конституциялық Сот ел Президентінің де, Жоғарғы Кеңестің де шешіміне баға бере алатын институт болған еді.
«Халық конституциялық құқығы бұзылып жатса, жоғарыға жете алмайтын. Ал қазір өзінің конституциялық құқығын қорғауға құқығы бар. Егер де конституциялық құқығы бұзылып жатса, мәселен жеке адамдардың басқа да, қоғамдық ұйымдардың болсын, басқа да олардың құқығын қорғауды» , – деді заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири.
Әлемдік тәжірибеде референдум өткізетін елдердің көшін Швейцария бастап тұр. Бұл еуропалық мемлекетте бір жылдың өзінде бірнеше дауысқа салу науқаны ұйымдастырылады. Соңғы жүзжылдықтағы тәжірибесінде 178 референдум өткізген бұл ел, тек, тоғызын ресми қабылдаған. Ал отыздан енді асқан, жаңаруға қадам жасаған Қазақстан үшін Ата заңның айқын, анық болғаны аса маңызды.
«Референдумдағы өзгерістер қабылданса, тұрақтылық болады деп ойламын. Әрине, азды-көпті қосымшалар болар. Бірақ түбегейлі өзгерістер болмауы қажет. Адамдар тұрақты саяси-қоғамдық ахуалда өмір сүруі керек қой», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.
Референдумда таңдау жасамас бұрын, әр азаматтың ұсынылған жобамен танысуы, сауатты сараптама жасай алуы маңызды. Өйткені, бұл саяси өзгеріс ең әуелі халықтың мүддесін көздейді.
«Қазір ақпарат неше түрлі сайтта, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің сайттында, ресми сайттарда, барлық жерде жарияланған негізі. Оған тағы қосымша референдум учаскелерінің үй-жайларында арнайы стендтер бар. Егер интернетке қолжетімсіз адамдар болса, учаскеге барып, стендтен ақпаратпен танысуға болады. Сұрақтарын комиссияға қоя алады. Өзінің учаскесін білу үшін әр азаматқа қазір мүмкіншілік берілген», – деді Алматы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова.
Референдумға дауыс берушіден бөлек бақылаушы ретінде атсалысуға болады. Орталық сайлау комиссиясы 39 өкілдің халықаралық деңгейдегі тексеруші құқығына ие екенін айтты. Жасы 18-ден асқан ел азаматтары ұлты мен нәсіліне қарамастан, референдумда таңдау жасай алады.
Ескеретін бір жайт бар: сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған және бас бостандығынан айырылған тұлғалар бұл саяси науқаннан шеттетіледі.
Санаулы күннен соң тарихтағы елеулі оқиғаға қатысты ел пікірін білсек:
– Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатқанда неге атсалыспасқа? Бұған дейін ондай мүмкіндік болған жоқ. Мүмкіндік барда азамат ретінде пікірімізді қосып, қатысуымыз керек.
– Жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой. Әр қазақстандықтың қатысқаны, дауыс бергені маңызды деп ойлаймын. Нәтиже болады. Сол кезде Жаңа Қазақстанда жаңару үрдісі басталатын секілді.
– Әрине, естідім. Оған мен ғана емес, менің отбасым да барады. Өйткені, референдумда Конституцияның өзгеруін бүкіл халық қолдап отыр. Ол жаңалықта да айтылып, инстаграмда да жазылып жатыр.
– Негізі, маңызы бар. Менің ойымша, болашақта маңызы зор болуы керек. Бәрімізге байланысты, барамын.
Жуырда өткізілген сауалнамаға сәйкес алдағы референдумға ел азаматтарының шамамен 70%-ы қатысады. Бұл – әлеуметтанушылардың болжамы. Ал, тәртіпке сүйенсек, халықтың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өтті деп саналады. Әрине, ел тағдыры таразыға түскенде тысқары қалуға болмайды.
«Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресми деректе 5 маусымда референдумға 11 млн 700 мың адамның қатысуға құқылы екенін айтылды. Қазірдің өзінде ел ахуалына бей-жай қарамайтын, саяси өзгерісті тиісінше саралайтын жұрт құлшыныс танытып-ақ отыр. Ұсыныс көп, ал ол түзетудің бәрі ұлт болып ұйысқанда ғана қабылданады, жүзеге асады.
Үн қатып, таңдау жасау – ең әуелі әркімнің азаматтық құқығы екенін ескерген жөн.