Алматы қаласында Aport Mall East сауда-ойын-сауық орталығында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырылған республикалық референдумды қолдауға арналған ауқымды «ALGYS FEST» концерті өтті, деп хабарлайы Almaty.tv.
Іс-шараға қала жастарының 5000-нан астам өкілі, сондай-ақ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалициясының өкілдері қатысты. Кеш барысында ел азаматтарын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақыруға ерекше назар аударылды. Концерт аясында көпшілікке Жаңа Конституция жобасының маңыздылығы түсіндіріліп, әрбір азаматтың өз ұстанымын білдіруі ел дамуы үшін маңызды қадам екені атап өтілді.
Концерттік бағдарламаға еліміздің танымал өнер жұлдыздары – Алашұлы, Raim, Ерке Есмахан, Kalifarniya, Алатау серілері, Арқайым, Нұрсултан Нурбердиев, Балауса Ерғалина және Серікбол Сайлаубек, сондай-ақ Алатау дәстүрлі өнер театрының әртістері қатысты. Өнерпаздар жиналған қауымды көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтап, алдағы референдумға қатысуға шақырды.
Шара барысында қалалық коалиция мүшелері мен қоғам белсенділері сөз сөйлеп, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістер жөнінде пікір білдірді. Олар қатысушыларды 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік танытуға және өз таңдауларын жасауға үндеді.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің және қалалық коалицияның мүшесі Ділдәбек Дидарбек Жұмағалиұлы өз сөзінде Алматы қаласы әрдайым саяси өзгерістердің бел ортасында болғанын, қала тұрғындары қашанда жоғары азаматтық белсенділік танытып келгенін атап өтті.
«Алдағы маңызды өзгерістер Жаңа Ата заңды қабылдаумен байланысты. Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған негізгі құжат. Бұл Конституция еліміздің әрбір азаматына қызмет ететін, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заң болмақ. Әділетті Қазақстан жолында бүгінгі жас ұрпақ дамыған, қуатты мемлекетте өмір сүретініне сенім мол. Алматы қаласы қашанда саяси жаңғырудың алдыңғы қатарында келеді. Сондықтан 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауға шақырамыз», – деді ол.
«Қазақстанның ұйғыр Жастар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық коалиция мүшесі Рустам Абдусаламұлы Қайриев те мерекелік күннің символдық мәніне тоқталды.
«Биыл Алғыс айту мерекесін атап өтіп жатқанымызға 10 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін мен отбасыма, туған-туыстарыма, достарыма алғыс айтып келдім. Ал бүгін 30 жыл бойы біздің құқықтарымызды қорғап келген Конституциямызға алғыс білдіргім келеді. Дегенмен уақыт талабына сай Жаңа Конституцияны қабылдайтын кезең келді», – деді ол.
Іс-шара мерекелік көңіл күймен, патриоттық рухпен және жастардың белсенді қатысуымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы ашық алаңдар қоғамды маңызды саяси үдерістер төңірегінде біріктіруге және азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Шара соңында ұйымдастырушылар алматылықтарды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға қатысып, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға шақырды.
Оқи отырыңыз: QazPost-тың Алматыдағы бөлімшесі Жаңа Конституция мен референдумды қолдады