Алматы тұрғындары референдумға белсенді қатысып жатыр

15.03.2026 14:08

Қала бойынша референдум учаскелерінде дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған

Алматы тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Халық алғашқы сағаттардан-ақ кезекке тұрып, учаскелерге ағыла бастады. Ел үшін тарихи маңызы зор саяси науқанға бірінші рет қатысып жатқан азаматтарға құнды естелік сыйлықтар табысталды. Қала бойынша барлық учаскеде жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылып, көрсеткіштер сағат сайын жаңартылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы ірі мәдени нысандардың бірі – Ұлттық кітапхана қабырғасында орналасқан №254 учаскеде дауыс беруге келген адамдар легі үзілер емес. Зиялы қауым өкілдері, жастар, еңбек адамдары – барлығы ортақ шешім қабылданатын күні өз пікірін білдіруге асық.

«Меніңше, бұл өзіміздің Республика, өзіміздің заң болғаннан кейін дауыс беруге тиіспіз ғой. Қазақстан Республикасының азаматымыз. Мен осы ауданға 20 жыл бұрын келдім, ал жалпы осы жерде тұрғаныма 25 жыл болды», – деді қала тұрғыны Шегебай Сарыбаев.

«Мен референдумға қатысу үшін келдім. Себебі өз елімнің азаматы ретінде оған бей-жай қарай алмаймын. Елімді жақсы көремін. Сондықтан ел үшін қажет деп саналатын шешімдер қабылдануы керек деп ойлаймын. Өзгерістер дер кезінде болып, қоғам үнемі дамып отыруы тиіс. Ештеңе бір орында тоқтап қалмауы керек», – деді қала тұрғыны Галина Мулинкова.

Жалпы дәл осы Ұлттық кітапхана ғимараты іргесі қаланғалы бері бірнеше саяси науқанның куәсі болған. Мұнда 1700-ден астам адам тіркелген. Дауыс беру учаскесі төрайымының сөзінше, халықтың 70 пайызға жуығының қатысуы болжанып отыр.

«Біздің учаскеде 1700-ден астам тұрғынымыз тіркелген. Таңертең учаске ашылғанда белсенді азаматтар келіп, сағат 7:00-ден бастап дауыс бере бастады. Қазір 10-нан кейін түске қарай, бүгін демалыс күні болғандықтан, тұрғындардың 70–80 пайызы қатысады деп күтіп отырмыз», – деді №254 дауыс беру учаскесінің төрағасы Ғазиза Нұрғалиева.

Айта кетейік, қала бойынша референдум учаскелерінде дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жағдай қарастырылып, үйден дауыс беруге өтінім берген тұрғындарға жылжымалы жәшік ұйымдастырылған.

Оқи отырыңыз: Референдум күні полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр