Алматыда 52 мыңнан астам жас алғаш рет референдумда дауыс береді

Қалада 653 референдум учаскесі жұмысын бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап 653 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Қалада 1 миллион 311 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасауға құқылы. Дауыс берушілер қатарында 20 мыңға жуық студент пен 4 мың әскери қызметші бар. Ал биылғы саяси науқанның ерекшелігі – жаңа Конституция жобасының мәтіні алғаш рет барлық дауыс беру учаскесінде аудио форматта ұсынылады. Енді азаматтар құжат мазмұнымен тыңдау арқылы да таныса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бесінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық референдумда алматылықтар 653 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасайды. Мегаполисте 1 миллион 311 мыңнан астам тұрғын саяси науқанға қатысуға құқылы. Олардың қатарында 20 мың студент пен 4 мың әскери қызметші бар. Сонымен қатар алғаш рет дауыс беретін жастардың үлесі де айтарлықтай.

«Алматы – жастары көп шаһар. Сондықтан осы жолғы республикалық референдумда алғаш рет 52 мың 202 азамат дауыс береді. Бұл қатарға 2024 жылдың 7 қазанынан 2026 жылдың 15 наурызы аралығында 18 жасқа толған тұрғындар кіреді. Яғни, осы кезеңде кәмелет жасына жеткен алматылықтар референдумға алғаш рет қатысып, өз таңдауын жасайды», – деді қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.

Таңғы сағат 07:00-де есігін айқара ашқан шаһардағы 653 референдум учаскесі тұрғындарды қабылдауға дайын. Саяси науқан өтетін барлық орындарда дауыс беруге арналған жәшіктер, кабиналар мен техникалық құралдар орнатылған. Сондай-ақ референдум комиссиясының құрамы, дауыс беру бюллетенінің үлгісі секілді нұсқаулықтар арнайы тақтайшаларға ілінген. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының мәтіні екі тілде көпшілік назарына ұсынылған.

Биылғы референдумда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, референдум учаскелерінде жаңа Конституция жобасының мәтінін аудио форматта тыңдауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы құралдар қарастырылған. Атап айтқанда, Брайль қарпіндегі трафареттер, лупалар және бюллетеньдерді толтыру нұсқаулығын тыңдау мүмкіндігі бар.

Ресми деректерге сәйкес, Алматыда референдумға қатысу құқығы бар 9 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Осыған орай бүгін ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға 170 «Инватакси» көлігі тегін қызмет көрсетеді. Ал саяси науқан барысында өзге өңірден келген азаматтар да өз таңдауын жасай алады. Ол үшін есептен шығару куәлігін көрсету жеткілікті.

«Қарапайым тілмен түсіндіргенде, мысалы Алматының тұрғыны 15-і күні Алматыда болмай, басқа қалада жүрсе, сол жерде барып дауыс беруі үшін арналған құжат түрі – есептен шығару куәлігі. Қазіргі таңда Алматы бойынша **500-ден астам есептен шығару куәлігі берілген», – деді Аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Тұрар Инаят.

Бүгін ел бойынша референдум учаскелері таңғы 07:00-де жұмысын бастап, 20:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан астамы өз таңдауын жасаса, референдум өтті деп есептеледі.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Референдумды 38 елден келген халықаралық бақылаушылар қадағалап отыр

Новости партнеров