Алматылық депутаттар референдумға бірінші болып бармақ

04.03.2026 11:51

Депутаттар референдумға қатысу әр қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті

Аlmaty.tv

Алматы қаласы мәслихатының депутаттары жаңа конституцияны қабылдау жөніндегі 15 наурызда өтетін референдумды қолдайтындарын білдіріп, оны  орнықты дамуды қамтамасыз ететін өте маңызды құжат деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Алматы мәслихатының депутаты Қарашаш Жүзеева Конституция қоғамның бірлігі мен тұрақтылығының кепілі екенін айтты.

«Елдің дамуы мен өркендеуі ортақ заңға құрметтен басталады. Жаңа конституция – ұлттық бірлікті сақтап, мемлекеттіліктің негіздерін нығайтатын маңызды құжат. Алдағы референдум – демократияның ең жоғары көрінісі, Қазақстан халқының еркін ерік білдіруі. Референдумды қолдау – елді ұйыстыра түсетін үлкен саяси науқан», – дейді депутат.

Мәслихат депутаты Алтынай Көбеева да референдумның маңызын атап өтіп, жаңа Конституция бізге әділетті мемлекет құру үшін керек екенін айтады.

«Ол теңдік пен жауапкершілік, ашықтық пен сенім қағидаттарын нығайтады. Конституцияны қолдай отырып, біз келер ұрпаққа мықты әрі қуатты ел қалдырамыз», – деді ол.

Алматы мәслихатының депутаты Серік Есматов та осыған орай пікір білдірді. Айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау елдің одан әрі дамуы мен әділеттілік қағидаттарын нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Депутаттар референдумға қатысу – әр қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі әрі ел болашағына қосқан үлесі екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Алматының өндірістік секторы референдумға шақырды