Ашықтық – реформаның басты ұстанымы болды. Комиссия жұмысы толық жария форматта өтті. Отырыстар Конституциялық соттың ресми ресурстарында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл туралы ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол жазбасында Конституциялық комиссия мүшесі ретінде жұмыстың қалай жүргізілгенін, қандай қағидаттарға сүйенгенін айтқан.
«Мемлекеттің Ата Заңы – Конституция тек құқықтық құжат емес, ол елдің саяси құрылымы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, азаматтың құқығы мен мемлекеттің жауапкершілігін айқындайтын төл құжат. Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Кейбір азаматтар «неге комиссия тек заңгерлерден тұрмайды?», - деп сұрайды. Алайда Конституция – тек құқықтық нормалар жинағы емес. Ол мемлекетті басқару моделі, экономикалық негіз және қоғамдық қатынастар жүйесі. Сондықтан оны талқылауға әртүрлі саланың мамандары – заңгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, сарапшылар тартылды», – деді депутат.
Сонда-ақ комиссия құрамына Парламенттегі барлық партия өкілдері енген. Бұл біржақты шешімдердің алдын алып, жұмыстың ұлттық мүдде аясында жүргізілгенін қамтамасыз еткен.
«Комиссия өкілдік қағидатымен қатар кәсібилік пен қоғамдық бедел өлшемдерін де негізге алды. Біздің мақсатымыз – формальды көпшілік емес, мазмұнды әрі жауапты шешім қабылдау еді. Ашықтық тек трансляция жасау емес. Негізгі мақсат – қоғамды шешім қабылдау процесіне тарту. Адамдар қандай нормалар қаралып жатқанын көруі, түсінуі және өз пікірін білдіруі үшін қажет болды. Бүгінде қоғамдық орталарда, әлеуметтік желілерде жүріп жатқан пікірталастар осы ашық жұмыстың нәтижесі», – деді Жанарбек Әшімжан.
Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламентті реформалау бастамасын жариялады. Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтардан ұсыныстар қабылдай бастады. E-Otinish және eGov платформаларында арнайы бөлім ашылып, қазан айынан бастап жүздеген өтініш келді. Саяси партиялар мен бастамашыл топтардан 1600-ден астам ұсыныс жолданды.
«Ұсыныстардың мазмұны жекелеген түзетулермен шектелмей, жүйелі өзгерістер қажет екенін көрсетті. Сондықтан толыққанды Конституциялық реформа жүргізу және арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды. Барлық ұсыныстар біртұтас, логикалық үйлесімді жобаға біріктірілді. Нәтижесінде өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдеріне әсер етті. Қоғамды «неге жаңа редакция?» деген сұрақ алаңдататыны анық. Ұсынылған жобада кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар (қолданыстағы редакцияда – 9 бөлім, 101 бап). Екі жаңа бөлім енгізілді: «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Төрт бөлімнің атауы мазмұндық тұрғыдан қайта қаралды. 77 бапқа өзгеріс енгізілді. Бұл мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Заңнамаға сәйкес, егер нормативтік актінің жартысынан астамы өзгерсе, жаңа редакция қабылданады Демек, сөз косметикалық түзетулер туралы емес, Конституцияның логикасы, құрылымы және қағидаттарын қайта қарау туралы болып отыр. Қорытындылай келе, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау немесе қабылдамау туралы соңғы сөзді халық айтады», – деп ойын түйіндеді депутат.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституцияның жобасы қолданыстағы Парламенттің өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатуды көздейді