Адвокаттар мәртебесін Конституция деңгейінде жеке баппен бекіту ұсынылып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл адвокаттық қызметті жай ғана заң көмегін көрсететін мамандық емес, конституциялық маңызы бар құқық қорғау институты ретінде танытады, деп хабарлайды Almaty.tv.
86-бапта «Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады» деп көрсетілген. Ал бұған дейін адвокатура мен жалпы институттың қызметі салалық заңмен қарастырылған.
Жаңа конституция жобасында адвокаттарды енді қылмыстық процессте прокурормен тең құқықты тарап деп қарастыру ұсынылды. Бұл адвокаттық институтты құқық қорғау жүйесінің маңызды элементі ретінде айқындауға әсер етпек.
«Адвокаттық қызмет және адвокаттардың мәртебесі туралы жаңа Конституциямызға жаңа бап енгізілді. Бұл – еліміздегі адвокаттардың мәртебесін жоғарылату және қарапайым халықтар арасындағы құқықтық сауаттылығын арттыру», – деді адвокат Смағұл Файзулла.
Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқығы алғаш рет нақты деңгейде қорғалады. Яғни, цифрлық кеңістікте дербес деректердің қауіпсіздігі, ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау және азаматтардың құқықтық мүддесін сақтау мемлекеттің басты міндеттерінің біріне айналмақ.
«Цифрлық трансформация өте үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Цифрлық із деген болады. Документтеріміз, іс-қағаздарымыз барлығы цифрлы түрде көрсетіледі. Бәрін заңдастыру үшін осы тармақтардың, баптардың ішіне өзгертулер енгізілуі тиіс. Өйткені, бұл – тоқтамайтын үлкен процесс», – деді ҚазҰУ IT факультетінің профессоры Байдәулет Урмашев.
«Жаңа Ата Заң жобасы – еліміздің тарихи тәжірибесінің айқын көрінісі».Сарапшылардың сөзінше, бұл – мемлекеттің даму бағытын, қоғамның құндылықтарын және билік пен халық арасындағы жаңа келісімді айқындайтын стратегиялық құжат.
«Тарихымызда үшінші Конституция қабылдап жатыр. Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүру үшін дежаңа көзқарас керек. 1993-95 жылдарытәуелсіздік алып жатқанда жаңа әлемге ұмтылыс деген ықпалдағы Конституция болса, 34 жылда жинаған тәжірибенің, өмір практиканың елеп-ескере отырып, жазылған Ата Заң», – деді саясаттанушы Руслан Ақмағанбетов.
Айта кетейік, референдум 15 наурызда өтеді. Барлығы 10 мыңнан аса дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.
Айдана Шалқар, Хангелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Конституция жобасы: Алматыда сенаторлар жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті