Бүгін жаңа Конституция жобасының мәтіні жарияланды
Бүгін баспасөз бетінде жарияланған жаңа Конституция жобасында Қазақстанның тарихи тамырына, мемлекеттіліктің сабақтастығына және байырғы қазақ жерінің тұтастығына айрықша мән берілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа редакциядағы Ата Заң жобасында Қазақстан Республикасы ата-бабалар мұрасы болып саналатын қасиетті қазақ жерінде құрылған мемлекет екені нақты айқындалады. Бұл – елдің тарихи негізін, ұлттық бірегейлігін және мемлекеттіліктің терең тамырын конституциялық деңгейде бекіту деген сөз.
Жоба мазмұнында Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығы – мызғымас құндылықтар ретінде бекітілген. Бұл нормалар мемлекеттің біртұтастығын конституциялық деңгейде нақтылай түседі.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында халықтың тарихи жады, ата дәстүрі, рухани-мәдени құндылықтары мемлекет дамуының іргетасы ретінде сипатталады. Яғни, жаңа Конституция жобасы тек саяси-құқықтық құжат қана емес, елдің тарихи миссиясын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде ұсынылып отыр.
Мемлекет құраушы ұлттың тарихи рөлі мен Қазақстан халқының бірлігі де негізгі ұстанымдардың бірі ретінде көрініс тапқан. Бұл – көпэтносты қоғам жағдайында елдің тұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Егер жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қабылданған күн мемлекеттік мереке – Конституция күні болып жариялануы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды