Қазақстан халықаралық аренадағы бейбіт ел ретіндегі рөлін нығайтады

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, еліміз өз тарихында бейбіт ұстанымын нақты ісімен дәлелдеп келе жатқан мемлекет

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Конституция жобасының преамбуласында Қазақстанның бейбітшілікке және өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуға ұмтылу қағидатын бекіту ұсынылып отыр. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай мұндай жаңашылдықты маңызды әрі уақыт талабына сай шешім деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

«Бұрынғы Ата заңымызда бұл бағыт айтылғанымен, оның нақты әрі айқын көрсетілуі ерекше мазмұн беріп тұр. Қазақстан өз тарихында бейбіт ұстанымын нақты ісімен дәлелдеп келе жатқан мемлекет. Соның алғашқы айқын мысалы – ядролық қарусыздану бағытындағы қадамдарымыз. Сондай-ақ Сирия мәселесі бойынша мемлекеттерді татуластыру, бейбіт диалог орнатуға жағдай жасау бастамалары еліміздің ұстанымын нақты көрсетеді. Сондықтан Ата заң преамбуласының осы құндылықтардан басталуы – үлкен жетістік», – деді депутат.

Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов та бұл өзгерістердің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан – орташа күшке ие мемлекеттердің бірі. Мемлекет басшысының кәсіби дипломат ретіндегі рөлі де еліміздің халықаралық беделін арттырып отыр. Қазақстан бүгінде көптеген елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатып, көрші мемлекеттермен тату байланыс қалыптастырды.

«Егер Конституцияның жаңа жобасы қабылданса, Қазақстан бейбітсүйгіш, татуластыруға және бітімгерлікке шақыратын ел ретіндегі рөлін одан әрі нығайта түседі. Преамбулада бекітілген құндылықтар – мемлекеттің халықаралық құқықтағы тұғырнамасын айқындайтын негізгі құқықтық принциптер. Бұл қағидалар алдағы уақытта еліміздің сыртқы саясатының бағытын нақтылап, Қазақстанның даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуді қолдайтын мемлекет екенін әлемге айқындай түседі», – деді профессор. 

Оқи отырыңыз: Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтетін тетік – саясаттанушы «Халық кеңесі» туралы

Новости партнеров