Орталық референдум комиссиясының жұмысы қыза түсті
Қазақстандықтар белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Орталық референдум комиссиясы соңғы ақпараттарды жариялады. Бір сағат бұрын ел бойынша 4 миллион 677 мыңнан астам адам бюллетень алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық референдум комиссиясының жұмысы қыза түсті. Олар екі сағат сайын брифинг ұйымдастырып, елдегі және шетелдегі дауыс берушілер туралы ақпарат беріп отыр. Таңнан бері төрт отырыс өтті. Соңғы деректер бір сағат бұрын жарияланды. Комиссия қазақстандықтардың белсенді дауыс беріп жатқанын жеткізді.
Топ үш өңірге тоқталсақ, көш басында Ақтөбе облысы тұр. Өңір халқының 45,73%-ы таңдауын жасап үлгерген. Екінші орында Ақмола облысы — мұнда тұрғындардың 44,66%-і дауыс берген. Үштікті Түркістан облысы түйіндейді, олардың үлесі 44,13%-ті құрайды. Жалпы, ел бойынша 4 677 595 адам таңнан бері референдум учаскелеріне барып, бюллетень алған.
«Жалпы, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша республиканың 4 677 595 азаматы бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 37,54%-ін құрады. Азаматтардың уақытша болу орындарындағы 106 учаскеде дауыс беру аяқталды. Дауыс беру учаскелеріне келу туралы келесі ақпарат жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-де беріледі», — деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова.
Сөз соңында әлемге жаңалық таратып жатқан журналистердің де жұмысына тоқталғым келеді. Орталық референдум комиссиясының ғимаратында тілшілер таңғы сағат 7:00-ден бері халықты ақпараттандырып отыр. Ал, 31 мемлекеттен келген 185 журналист саяси науқан жайлы мәліметтерді шекара асырып жатыр. Алдағы шығарылымда тағы да байланысқа шығып, соңғы деректерді хабарлаймын.
Оқи отырыңыз: Түркістанда референдум учаскелеріне комиссия мүшелері ұлттық киім киіп келді