Яхия ақсақал — Сыр бойындағы соғыстың соңғы сарбазы
Жалпыұлттық референдумда жас та, кәрі де белсенділік танытуда. Қызылорда облысында 105 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров азаматтық таңдауын білдірді. Ғасыр жасаған қария учаскеге келіп, көпке үлгі-өнеге көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Яхия ақсақал — Сыр бойындағы соғыстың соңғы сарбазы. Қарт жауынгер жүріп-тұруы қиындаса да, қоғамдық істен тысқары қалған емес. Соғыс ардагеріне учаскелік референдум комиссиясының төрағасы құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.
«Дауыс бердім. Ел тыныш болсын, халық аман болсын. Тілегіміз ақ болсын, көңіліміз шат болсын. Ер азаматтарымызға, жиналған ел-жұртқа бақ қонсын. Қыдыр болсын жолдасың, Әулиелер қолдасын, барша қазақ еліне бақ-береке орнасын!», — деді соғыс ардагері Яхия Тасыров.
Референдумда Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев та ауылдастарымен бірге дауыс берді. Туған топырағын түлетіп отырған еңбек майталманы «маңызды сәттің жауапкершілігі жоғары» дейді.
Жалпы Қызылорда облысында 378 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді, оның 27-сі - жабық учаске. Жабық учаскелер емдеу мекемелері, вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнай компанияларының аумағында және уақытша ұстау изоляторы ғимаратында орналасқан.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: «Алматы Су» қызметкерлері республикалық референдумда өз таңдауын жасады