«Адами капитал – кез келген мемлекеттің дамуы үшін маңызды фактор». Осылай деген сарапшылар жаңа Конституция жобасында адам капиталы туралы жазылған 3-баптың 2-тармағы үлкен өзгеріске бастайтын қадам деп атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Білім сарапшысы Айдос Жұманазар ең алдымен мектептердегі адами капиталға баса назар аудару керек деп санайды. Өйткені, білім мекемелерінде оқудың сапасы университетке тікелей әсер етеді. Ал жоғары оқу орындарынан білікті кадр шығатын болса, ол бүкіл секторды дамытуға тікелей әсер етіп, бәсекелестік артады. Бәсекелістік артса, экономика қарыштап дами түспек.
«Кез келген елде адами капитал – негізгі ресурс болып саналады. Бізде Қазақстанда өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін адами капиталға аса қатты мән берілген жоқ. Біз шикізат елі болып, байлыққа акцент қойдық. Ал жаңа жобада адами капиталға назар аударып отыр. Енді ол экономиканың дамуына тікелей әсер етеді», – деді білім сарапшысы Айдос Жұманазар.
Кейінгі 4 жылда ғылым саласындағы әйелдер саны артқан. Қазір бұл секторда 3 мыңнан аса ару еңбек етеді. Зерттеу институттары да көбейіп, 423-ке жеткен. Қоғамдық даму институтының сарапшылары «әйелдер ғылым мен білім беру саласында өз әлеуетін барынша аша алады» деп есептейді. Сондықтан Ата Заңның жаңа жобасында білім мен ғылымға басымдық берілуі ғылымдағы қыз-келіншектердің кәсіби дамуына жағдай жасайды.
«Әрине, көп нәрсе өзгереді. Жаңа жобада адами капитал жайында жазылған. Бұл өте маңызды, себебі сұраныс бар екенін және мемлекеттің бұл сұранысқа жауап беріп жатқанын көріп отырмыз. Мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына көбірек қаржы бөлінеді деп сенемін. Біздің социологиялық деректеріміз осы үрдісті растайды», – деді қоғамдық даму институтының сарапшысы Гаухар Темірханова.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция жобасы – ел болашағына жасалған маңызды қадам: Алмалы ауданында қала жастарының қатысуымен жиын өтті