«Жаңа Ата Заң жобасында «адам» сөзі 76 рет кездеседі». Осылай деген сарапшылар құжатта адам құқығы мен бостандығы негізгі қағидат ретінде айқындалғанын айтты. Яғни Конституция жобасында ең басты назар азаматтың мүддесіне аударылған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер елдегі адами капиталдың сапалы дамуына жол ашады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмаш Айқынбайқызының айтуынша, бастама әлеуметтік салалардың дамуына жаңа серпін беруді көздейді. Мәселен денсаулық сақтау саласына ерекше мән берілген. Денсаулықты қорғау құқығы нақты бекітіліп, адамның өмір сапасы басты құндылық ретінде танылады. Сарапшылардың пікірінше, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, алдын алу шараларын күшейту және сапалы емдеу жүйесін дамыту адами капиталды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Көпшілік медицина мен орта білім беруде «тегін» деген сөздің алып тастағанын талқылап жатыр. Орнына азаматтар «ақы төлемей» деп қолданылған. Бұл – қызметтің бағасы бар деген сөз, қызмет мемлекет тарапынан төленеді деген сөз. Екінші кезекте халықтың салығы қаншалықты ашық түрде осы салаларға жұмсалып жатқандығын халық бақылау құқығына ие болады», – деді әлеуметтанушы Алмаш Айқынбайқызы.
Адами капиталдың сапасы білім мен ғылымның дамуына да байланысты. Сондықтан жаңа Конституция жобасында тек мектеп пен жоғары оқу орнында білім алумен шектелмей, өмір бойы оқу, кәсіби қайта даярлану және ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері де қамтылады. Мамандар «білім – бәсекеге қабілетті болудың негізі» дейді.
«Маңызды 23-баптың 2-тармағында бұрын болмаған зияткерлік меншікті қорғауға байланысты норма енгізіліп отыр. Бұл жерде ғылым, өнер және басқа да өнертапқыш азаматтарымыздың құқығы, олардың еңбегі Ата Заң деңгейінде қорғалады», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев.
Сарапшылардың айтуынша, жалпы Конституцияға өзгеріс енгізудің екі жолы бар. Бірі бүкілхалықтық референдум өткізу болса, екінші жолы Парламент депутаттары арқылы, 75 пайыздан көбі қолдаған жағдайда, өзгеріс енеді. Ал елімізде жаңа Конституция жобасында ел үшін маңызды шешімдер тек халықтың қатысуымен, яғни референдум арқылы қабылданатыны анық жазылған.
Оқи отырыңыз: Конституция жобасы: депутаттар еңбек адамдарымен кездесті