Қала бойынша 1 миллион 331 мыңнан астам тұрғын референдумға қатысып, таңдауын жасау құқығына ие
«Алдағы референдумда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне бұрынғыдан да қолайлы жағдай жасалмақ». Бұл туралы Алматыға арнайы жұмыс сапарымен келген Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жұмыс сапары Бостандық ауданында орналасқан дауыс беру орындарын аралаудан басталды. Алдымен ол №254 референдум учаскесіне барып, дайындық барысын тексерді. Мәселен, мұнда референдум комиссиясының құрамы, дауыс беру бюллетенінің үлгісі сынды нұсқаулықтар тақтайшаларға орнатылған. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының мәтіні екі тілде көпшілік назарына ұсынылған.
«Дауыс беруге арналған үй жайдағы тәртіп қабырға стендтіне қойылған. Ол жерде референдумға қатысушылардың ұстау тәртібі, мінез құлықы және де жауапкершілігі көрсетілген», – деді Бостандық ауданы Аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Шолпан Қалиасқарова.
Айта кетейік, қала бойынша 1 миллион 331 мыңнан астам тұрғын референдумға қатысып, таңдауын жасау құқығына ие. Ал оларға 654 дауыс беру учаскесі қызмет көрсетеді. Биылғы референдумда бұл орындарда Конституция жобасының мәтіні алғаш рет аудио форматта қолжетімді болмақ. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған Брайль қарпіндегі арнайы трафареттер әзірленген. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға бюллетеньдерді толтыру тәртібін түсіндіретін аудио нұсқаулықтарды тыңдау мүмкіндігі де қарастырылған.
«Мына жерде мүгедектігі бар адамдарға тиісті қамқорлық жасалып жатыр ма? Өйткені пандус пен тактильдік тақшайдан басқада дүние бар. Биыл осы референдумда жаңашылдық енгізіп жатырмыз. Ол Конституция жобасының мәтін аудисын Қазақ радиосының дикторлары жазды», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сонымен қатар Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жалпыхалықтық дауыс беруге дайындалу және өткізу мәселелері бойынша Алматының мемлекеттік орган өкілдерімен кездесті. Алғаш болып шаһар басшысының орынбасары Абзал Нүкенұлы баяндама жасап, қала аумағындағы барлық 654 учаскелік комиссияның шекаралары мен мекенжайы толық бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол алматылықтарға саяси науқан жайлы ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
«Референдум туралы жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен аудио жазбалар бірқатар радиоарналарда тұрақты түрде таратылуда. Аталған аудио материалдар қосымша 119 сауда үйі мен базарда, 76 медициналық мекемеде жариялануда. 13 ақпаннан бастап «Алматы» телеарнасында референдум туралы 3 бейнежазба, күнделікті 6 реттен шығарылып отыр. Яғни өз тәртібі, ережесіне сай тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыру жұмыстары кешенді жүргізілуде», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Сонымен қатар мазмұнды басқосуда Полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметі сынды бірнеше орган өкілдері баяндама жасап, 15 наурызға белгіленген саяси науқанды өткізуге толық дайын екенін жеткізді.
Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Дін мен мемлекеттің ара-жігін ажырату өте маңызды - сарапшылар