Референдум: Алматыда учаскелік сайлау комиссия құрамы бекітілді

27.02.2026 20:29

Комиссия мүшелерін қабылдау 28 қаңтар мен 11 ақпан аралығында жүргізілді

Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс 43-сессиясында депутаттар учаскелік сайлау комиссия құрамын бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала бойынша барлық учаскелік және аумақтық комиссияға 154 кандидат ресми түрде мақұлданды. Комиссия құрамы «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдігі ескеріле отырып жасақталған. Комиссия мүшелері дауыс беруді ұйымдастыруға, сайлаушылар тізімін жүргізуге, дауыстарды санауға және қорытынды хаттамаларды рәсімдеуге жауапты болмақ.

«Бүгінгі сессияда қаралған сұрақтың бірі, ол – сайлау учаскелерінің мүшелерін тағайындау. Сондықтан екі партияның «Аманат» партиясы мен «Ақжол» партиясы мүшелерінің тізімін сайлау учаскілеріне берді. Сонымен қатар ұжымдардың өкілдері де учаске мүшелері боп тағайындалды», – деді қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Құсайынов.

 Комиссия құрамы сайлау кезеңі бойы барлық учаскенің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Қабылданған шешімдер Алматы қаласындағы сайлау үдерісінің заңдылығын, ашықтығын және тиімділігін нығайтуға бағытталған. Комиссия мүшелерін қабылдау 28 қаңтар мен 11 ақпан аралығында жүргізілді. Ұсыныстарды 2 саяси партия мен 9 қоғамдық бірлестік енгізген.

«Ұсынылған кандидаттардың барлығын жан-жақты тексердік. Ең алдымен, үміткер Алматы қаласының тұрғыны болуы тиіс. Екіншіден, оның бұрын сотталмағаны міндетті шарт ретінде саналады. Осы талаптардың барлығы толықтай қаралып, тиісті рәсімдерден өткізілді. Бүгінгі сессияда 154 үміткердің кандидатурасы бекітілді. Ал 3 кандидат қойылған талаптарға сай келмей қалды. Нәтижесінде, Алматы қаласы бойынша барлық учаскелік және аумақтық комиссияға 154 кандидат ресми түрде мақұлданды», – деді  қалалық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Рахметов

Оқи отырыңыз: Конституция жобасында зияткерлік меншікті қорғауға байланысты норма енгізіліп отыр - Жақсыбек Жиеналиев