Республикалық референдум халықаралық стандарттарға сай өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Республикалық референдум халықаралық стандарттарға сай өтті». Бұл - шетелден келген бақылаушылар пікірі. Өзге мемлекеттердің сарапшылары дауыс беру науқанының ашық және жүйелі түрде өткенін атап өтіп, дайындық жұмыстарының жан-жақты ұйымдастырылғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елордада халықаралық сарапшылар бас қосып, кеше өткен референдумның барысын талқылап жатыр. Жиында шетелдік мамандар өз пікірін білдіріп, дауыс беру науқанының ұйымдастырылу деңгейіне баға берді. Сарапшылардың айтуынша, референдум жоғары дәрежеде өткен. Сондай-ақ олар дауыс беру кезінде қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті.

Бұдан бөлек, бақылаушылардың пікірінше, дауыс беру учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалып, процесс тәртіппен ұйымдастырылған. Сонымен қатар олар халықтың белсенділігіне ерекше назар аударды. Шетелдік сарапшылар бұл ел тұрғындарының мемлекет болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті дейді.

«Біз Қазақстандағы референдумды бақылау үшін келдік. Біз 31 учаскені араладық және қазақ халқының саяси науқанға белсенді қатысқанын көрдік. Сондай-ақ референдумның жақсы деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық», - деді Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман.

«Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілі ретінде Пәкістаннан арнайы келдім. Бақылау барысында  билік органдарының дауыс беру процесін тәртіппен және жүйелі түрде ұйымдастыруға үлкен күш салғанын байқадық. Мен және әріптестерім барған учаскелерде дауыс беру тыныш, жақсы ұйымдастырылған және келушілер үшін қолжетімді болды», - деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының бақылаушысы Айша Шахид

Ал Қырғызстаннан келген халықаралық байқаушы өз баяндамасында референдум барысындағы ақпараттық жұмысқа жоғары баға беріп, ұйымдастырушылық деңгейдің кәсіби әрі үйлесімді жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан тәжірибесінен үйренуге тұрарлық тұстар көп екенін жеткізді.

«Сіздерден үйренер маңызды тұстардың бірі - референдум комиссияларының үгіт-насихат жұмыстарына мүлде қатыспауы. Бұл өте дұрыс тәжірибе, өйткені комиссия әрқашан бейтарап болуы тиіс. Сонымен қатар комиссия мүшелерін бір айға жетпейтін уақыт ішінде толық оқытып, оларды нәтижелерді жинақтауға және саралауға дайындау да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұның бәрі біз үшін үлгі боларлық, үйренуге тұрарлық тәжірибе болды», - деді Түркі мемлекеттері ұйымының бақылаушысы Әбдіжаппар Бекматов.

Айта кетейік, елдегі референдумды бақылау үшін 38 мемлекеттен 359 халықаралық байқаушы келді. Олардың қатарында 11 ірі халықаралық ұйымның өкілдері бар.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген,  Астана

Оқи отырыңыз: Ашық, әділ және қауіпсіз: халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы референдумды қалай бағалады

 

Новости партнеров