Референдумда тіркелген кемшіліктер техникалық сипатта ғана болды». Мұндай пікірді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы 24 ақпаннан бастап референдумды өткізу барысына мониторинг жүргізген. Оның құрамында 161 халықаралық байқаушы бар. Олар тоғыз өңірдегі 750-ден астам учаскеге барыпты. ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары дауыс беру кезінде заң бұзылған жоқ дейді. Сондай-ақ бюллетеньдерді санау толық заңға сәйкес өтті деп отыр.
«Референдум күні миссия өкілдері Қазақстанның тоғыз өңіріндегі 750-ден астам дауыс беру учаскесіне барды. Сонымен қатар шетелдегі учаскелерде де бақылау жүргізілді. Миссия мүшелерінің ақпараты бойынша, барлық учаскелер уақытында ашылып, дауыс беру Мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталып, ұйымдасқан әрі тыныш жағдайда өтті», ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко.
Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Бударина да референдум заң талаптарына сай өтті деп санайды. Сөзінше, халықаралық бақылаушылар тарапынан ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген. Ол референдумның тыныш өтуі комиссиялардың еңбегінің нәтижесі деп отыр. Сондай-ақ,дауыс беру нәтижелері қазақстандықтардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді деді.
«Кеше мен 20-дан астам учаскеде болдым. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Заң бұзуды айтпағанда, тіпті ең болмашы ескертулер де айтылған жоқ. Өйткені барлық рәсім Қазақстанның референдум туралы заңнамасына сәйкес жүргізілді. Мұның артында комиссиялардың, сондай-ақ барлық жауапты органдардың үлкен еңбегі жатыр. Олар азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасаған», деді Ресей федерациясы орталық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Бударина.
Халықаралық бақылаушылар референдум учаскелеріндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ақпараттық жүйелерге назар аударған. Түркиядан келген маман компьютерлік форматта ұсынылған түсіндірме материалдар дауыс беру процесін барынша қолжетімді еткенін, болашақта басқа елдердегі сайлауға қолдануға болатын тәжірибе деп бағалады.
«Қазақстанның демократия жолындағы маңызды кезеңі болып саналатын конституциялық құрылым үдерісіне қатысу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгін жарияланған нәтижелерге сәйкес, Қазақстан халқының сайлауға 73,12 пайыз деңгейінде жоғары қатысуы демократия тұрғысынан шын мәнінде қуанышты жағдай. Сонымен бірге, 87,15 процент дауыс нәтижесінің тіркелуі де қуантарлық жайт», деді Түркия Республикасы жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер.
Халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы референдум ашық, әділ және қауіпсіз жағдайда өткенін атап өтті. Олар азаматтардың дауыс беру құқығына үлкен мән берілгенін, ұйымдастыру шаралары халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылғанын жеткізді.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Халықаралық бақылаушылар референдумның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады