Үнзила Шапақ референдумға келген азаматтардың саяси белсенділігі жоғары екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таңмен таласа елордада мәжіліс депутаттары республикалық референдумға қатысып, өз дауысын берді. Халық қалаулылары бүгінгі күннің ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

№130 референдум учаскесінде таңнан бері дауыс беруге келген халықтың қарасы қалың. Азаматтар өз таңдауын жасап, референдумға белсенді түрде қатысып жатыр. Учаскеге келушілердің арасында жастар да, үлкен буын өкілдері де, мәжіліс депутаттары да бар.

Халық қалаулылары бүгінгі күнді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, мемлекеттің болашақ бағытын айқындайтын маңызды кезең ретінде бағалады.

«Кез-келген Конституция 5 жылға 10 жылға емес 100 жылға дейін қабылданатын Конституция ғой. Сол себептен әрине жауапкершілік өте жоғары. Бірақ бұл – шешуші сәт, әрқайсысымыз соны сезінуіміз керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

 «ҚР әрбір азаматы өзінің саяси ұстанымын білдіруі қажет. Саяси мәдениет әрбір азаматтың өзінің саяси ұстанымын білдіруден басталады. Сондықтан барлығымыз келіп, өзіміздің саяси ұстанымызды бүгін жасадық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Ал мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ референдумға келген азаматтардың саяси белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

«Бүгін учаскеге келе жатқан кезде «адам жоқ кезде, ертерек келе жатқан шығармын» деп ойладым. Өздеріңіз де байқап тұрсыздар,адамдар өте белсенді келіп жатыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ.

Айта кетейік, №130 референдум учаскесінде шамамен 3 мың адам дауыс бере алады. Ресми ақпаратқа сәйкес, үйден дауыс беруге ешкім өтініш жібермеген.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Атырауда 10 мыңнан аса мұнайшы таңдауын жасады

 

 

Новости партнеров