Жаңа Конституция жобасына цифрлық құқықтарды бекіту – уақыт талабы. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде елімізде цифрлық кеңістік қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшіп, электронды сауда, қашықтан жұмыс істеу және түрлі цифрлық платформалар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды, деп хабарлайды Almaty.tv
Енді цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікке алаңдауға негіз жоқ. Өйткені Жаңа Конституция жобасында «цифрлық құқық» ұғымы енгізілмек. Бұл норма азаматтардың интернеттегі жеке деректерін, электронды хат-хабар алмасуын және онлайн қызметтерді пайдалану барысындағы құқықтарын қорғауды көздейді. Мамандарының пікірінше, мұндай өзгеріс онлайн ортадағы киберқауіпсіздікті күшейтіп, азаматтардың цифрлық сервистерге деген сенімін арттыра түседі.
«Бұл – интернетте және басқа да ашық желілерде азаматтардың құқықтарына кепілдік беретін цифрлық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ,бұл бастама мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Яғни, Қазақстанның болашағы енді тек табиғи ресурстарға емес, ең алдымен адами капитал мен заманауи технологияларға сүйене отырып құрылатынын білдіреді», – деді Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы Нұрбол Мукашев.
Киберқауіпсіздік саласының мамандары өзгерісті уақыт талабына сай қабылданған маңызды әрі оң шешім деп бағалайды. Олардың айтуынша, дәл осындай жүйелі қадамдар арқылы ғана азаматтардың цифрлық кеңістіктегі өмірін қауіпсіз етуге болады.
«Конституцияда да цифрлық бағытқа ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұрын негізгі назар азаматтардың физикалық қауіпсіздігіне аударылса, енді цифрлық қауіпсіздік те конституциялық деңгейде бекітілуде. Бұл – нені білдіреді десеңіз, цифрлық қауіпсіздікке басымдық беріледі деген сөз. Себебі Конституция мемлекеттің басты құжаты, барлық заңның негізі. Оны мемлекеттің «архитектурасы» деп айтуға болады», – деді киберқауіпсіздік компаниясының директоры Батыржан Шакманов.
Қорытындылай келе, киберқауіпсіздік жаңа жобада жай ғана айтылған сөз емес. Бұл мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт болмақ дейді сарапшылар.
Оқи отырыңыз: Конституцияның жаңа жобасы бойынша өтетін референдумды 21 шетелдік байқаушы бақылайды