Биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл. Орда бұзар отыздағы жастардың бірі ғылым саласында жетістікке жетіп жаста, енді бірі мемлекетіміздің игілігі үшін өлшеусіз еңбек етіп жүр. Тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Досжан – ғарыштық технология саласында тың жаңалық ашқан жас ғалым. Оның жетекшілік етуімен жасалған наноспутник Илон Масктың зымыранымен ғарышқа ұшырылған болатын. Егемендік арқасында тамаша жетістіктерге қол жеткізген талантты ғалыммен Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тілдесіп қайтты.
Нұрсұлтан Сағынайұлы – алғаш нано жер серігін 2017 жылы құрастырған. Оған Аl-farabi 2 деп атау беріпті. Кейіннен оны дарынды шәкірттерімен бірлесіп ғарышқа ұшырады. Қазір наноспутник жер көлемін камера арқылы бақылау және басқа да маңызды ғылыми миссиялар атқаруда. Бұған дейін мұндай тәжірбиені еліміздегі ешбір жоғары оқу орны жасамаған.
«Олардың біреуі қазір ғарышта. Қызметін қазірге дейін атқарып жүр. Олармен біздер байланыс орнатамыз. Біздің механико кафедрасында орналасқан зертханада студенттерге қалай жұмыс жасайтынын көрсетеміз», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлтан Досжан.
Ақтөбе өңірінің тумасы ғылымдағы алғашқы қадамын магистратураға түскен жылы жасайды. Оның бірінші жылын елде, екінші курсты Жапонияда оқып келеді. Технология мен мультимедия жағынан оқ бойы озық болған бұл мемлекетте үйренгенім көп болды дейді жас ғалым. Шет елде көрген білгенін қазір өз шәкірттеріне үйретеді. Ұстазының еңбегін ақтаған студенттер де бүгінде республикалық, халықаралық додаларда топ жарып жүр.
«Студенттер, оқушылар кез келген саладағы маман иелеріне шет елге шығып, жақсы білім алуға болады. Ол білімді бізде береміз. Университетте одан әрі ғылыми тәжірбиелерден өтуге үлкен мүмкіншіліктер бар, Тәуелсіз Қазақстанымызда», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлтан Досжан.
Бүгінде ғарыш – өте қымбат әрі күрделі саланың бірі. Жыл өткен сайын үкімет тарапынан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Себебі, айшылық алыс жерлерден көзді ашып жұмғанша жылдам хабар жеткізетін интернет жылдамдығының жоғары болуы заман талабы. Нұрсұлтан Сағынайұлы тәуелсіздіктің құрдасы болудың жауапкершілігін толық сезінем дейді. Сондықтан білімді, бәсекеге қабілетті жастардың қатарын толтыруға ниетті.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы