Сайлау кезінде жастар мен қала тұрғындары саяси науқан туралы пікірлерін ашық айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайлау барысында, әсіресе, жастардың дауыс беру белсенділігі байқалған. Дауыс беруді азаматтық борыш санайтын олар тарихи таңдау қоғамға айтарлықтай өзгерістер әкеледі деген сенімде.
«Биылғы сайлау басқа сайлаудан ерекше. Ерекшелігі де сол, Парламентке бірнеше партия кіріп отыр. Бұл – демократияның айқын бір көрінісі. Өйткені сайлауға көп партия қатысса, сапа да артады»,– деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.
Туризм саласының маманы Ел-Дана Сұраншиева елдің дамуы жастарға байланысты екендігін айтты.
«Жас маман болғандықтан жастарға басымдық бергені өте қатты қуантады. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Қазақстанның дамуы тікелей біздерге, яғни, жастарға байланысты. Сондықтан сайлауға бей-жай қарауға болмайды»,– деді ол.
Қала тұрғындары сайлау тиісті деңгейде өткенін айтады. Науқанға атсалысқан сайлаушылар нәтиже дұрыс анықталып, таңдалатын азаматтар ел игілігі үшін еңбек етсе деген ниетте.
Қала тұрғыны Надежда Крючкова: «Қай партия жеңіске жетсе де, сол партия халық мүддесіне қызмет етуі керек. Мен де бүгін өз таңдауымды жасадым»,– деді.
Қала тұрғыны Күлтай Әміреева: «Бүгін сайлауға жақсы көңіл-күймен келдім. Санитарлық талаптар сақталған. Елдегі сайлауға әр азамат белсенді араласу керек деп ойлаймын»,– деді.