Бүгін елімізде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтетін күн. Мұндай саяси науқан соңғы 16 жылда бірінші рет мерзімінен бұрын емес, яғни қазіргі шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталғанға дейін 2 ай бұрын, конституциялық мерзімінде өтейін деп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін еліміздің заң шығарушы органдарына үміткерлерді сайлау мерзімінен бұрын және бір мандаттық жүйемен жүргізілетін еді. Демек, сайлаушылар әр кандидатқа дауыс беретін. Одан өзге бұл жолы сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталды. Сонымен қатар, партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота ұсынылды. Бұл өз кезегінде оларды еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Қазір бүкіл республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. 51 шет мемлекеттерде 66 дауыс беру орны да есігін ашқан. Бір Алматының өзінде 581 таңдау жасау учаскесі қызмет көрсетуде. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық жерде санитарлық талаптар қатаңдатылғанын да айта кетейік. Біздің арна тілшілері дауыс беру орындарында таңғы сағат 6-дан бастап жүр. Дәл қазір сайлау учаскелерінің бірінен бізбен тікелей байланысқа шыққан Аяулым Көлжігіт хабарлайды.
Қазір дауыс беру учаскесінде болуға рұқсат етілген 9 қызметкердің барлығы орнында. Ал, бұған дейін таңғы сағат 6-дан бастап бақылаушылар келіп, қажетті құжаттар мен учаскедегі дайындықты тексерген болатын. Бақылаушылардың айтуынша, барлығы талапқа сай. Ең бастысы - мұнда санитариялық талаптар қатаң сақталған.
Атап айтсақ, кіреберістен келушілердің дене қызуы өлшенеді. Адамдар арасында әлеуметтік арақашықтық белгіленіп, антисептикалық құралдар да орнатылған. Ал, дауыс беруге келушілер мен бақылаушылардың бәрінен коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында медициналық бетперде тағып, қолғап киюі талап етіледі.
Сондай-ақ, кәмелет жасына толған және дауыс беруге алғаш келген азаматтар мен ардагерлерге арнайы сыйлықтар да дайындалыпты.
Бүгін бұл сайлау учаскесінде Алмалы ауданындағы 34 үйдің 2 жарым мыңға жуық тұрғыны дауыс береді деп күтілуде. Партиялық сайлау кешкі сағат 8-ге дейін жалғасатын болады. Ал, біз бүгін шаһардағы түрлі сайлау учаскелерінде болып, ондағы дауыс беру процесінің қалай жүріп жатқанын баяндап, алматылықтарды ақпараттандырып отыратын боламыз.