Алматыда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бақылаушылары өз жұмысын бастады

10.01.2021 13:26

Азаматтық альянс қоғамдық орталығынан сайлау учаскелерінде мың бақылаушы іске кіріссе, «Жастарға жол» қоғамдық қорынан бес жүзден астам адам тартылған. Ал аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен 1014 бақылаушы қатысады

Almaty.tv

Алматыда саяси науқан кезінде жедел мәлімет тарататын жалпықалалық баспасөз орталығы ашылған. «Қазақстан» қонақ үйінің ғимаратында орналасқан пресс-орталық жан-жақты әрі жедел хабар таратады, шұғыл ақпараттар жариялайды. Ол жерден студиямен тікелей байланысқа Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін хабарлайды:

«Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды. Бүгін арнайы құрылған баспасөз орталығында сайлауға байланысты алғашқы брифинг өтті. Брифинг барысында сайлау учаскелеріндегі бақылаушылардың жұмысы басталғаны айтылды. Осы ретте қалада құрылған штаб өкілдері барлық бақылаушылары науқанға қатысуға дайын екендігін айтылды. Азаматтық альянс қоғамдық орталығынан сайлау учаскелерінде мың бақылаушы іске кіріссе, «Жастарға жол» қоғамдық қорынан бес жүзден астам адам тартылған. Ал аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен 1014 бақылаушы қатысады».

Сайлауға бақылаушылардың барлығы толықтай дайын.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің барлық бақылаушылары сайлау учаскілеріне барып, өз жұмыстарына кірісті. Олардың әрқайсысының қолында бақылаушы екендігін куәландыратын жолдама бар», – деді қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бақылаушылар штабының басшысы Серікжан Байғұтдинов.

Брифинг барысында штаб өкілдері бақылаушылардың басты міндетін атап өтті. Олар сайлаудың ашық әрі адал, заңды өтуін қадағалуы тиіс. Осы ретте мамандар байқаушыларды барынша объективті болуға шақырды. Бірақ, сайлау учаскелерінің жұмыс жүргізуіне кедергі келтірмеуі керектігі айтылды. Штаб мамандары азаматтарды сайлауға келіп, саяси белсінділік танытуға шақырды. Олар сайлаудың заңды өтетініне сенім білдірді.