«Менің сайлау құқығым» бағдарламасы аясында күн сайын дәріс өткізілуде
Кәсіподақ бақылаушылары Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын 2021 жылғы сайлау кезінде ҚР Заңы аясында әрекет етуі тиіс.
Бұл туралы 22 желтоқсанда Алматы қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бақылаушылар мектебінде кезекті сабағында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Менің сайлау құқығым» бағдарламасы аясында күн сайын дәріс өткізілуде.
Сабақ барысында штаб мүшелері тыңдаушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясының сайлауға қатысу туралы өтінішімен таныстырды. Онда азаматтардың ерік білдіру бостандығы жұмыс берушілер немесе атқарушы органдар тарапынан қандай да бір қысыммен бұзылмауға тиіс делінген.
Сайлау учаскелерінде бақылаушылардың қатысуы, олардың белсенділігі сайлауға қоғамдық сенімнің артуына, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Олардың басты міндеті – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының 2021 жылғы сайлауы адал әрі ашық өтуі үшін өз жұмысын атқару. Бақылаушы ҚР Заңы шеңберінде адал және жауапты әрекет етуі, сыпайы және жауапты болуы, объективті және бейтарап қалуы, учаскелік сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтірмеуі, салмақты бағалау жасауы, ОСК мүшелерімен өзара іс-қимылда жанжалды жағдайларға жол бермеуі тиіс. Ол ешқандай жағдайда үгіт-насихатқа қатыспауы керек және жанжалды жағдайды тудыруы мүмкін кез келген қызметтен бас тартуы керек.
Сабақ барысында спикерлер алдағы сайлау күрделі карантин жағдайында өтетінін және бақылаушылардың міндеті осы процестің қауіпсіздігіне, барлық санитарлық нормаларды сақтауға және әлеуметтік алыстауға ықпал ететінін атап өтті.