Бірқатар мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Мемлекеттер басшылары келесі жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін атап өтті. Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайын және даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстанмен арадағы көпжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті.
"Сайлаудағы айқын жеңісіңіз Қазақстан халқының Сізге деген сенімін және Өзіңізді толық қолдайтынын білдіреді. Сіздің бірегей басшылығыңызбен еліңізді реформалауға бағытталған барлық бастамаңыз табысты болатынына және Жаңа Қазақстанды құру ісі ілгерілейтініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беремін және дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған уақытта сіздермен бірге мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басуға дайынмын", – деп жазылған жеделхатта.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті.
"Сіз отандастырыңыздың зор сеніміне ие болдыңыз. Бұл сенім мандаты мемлекетті дамытуға бағытталған Сіздің бастамаларыңызды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастық табысты дамып келеді.Ынтымақтастығымызды одан әрі бірге ілгерілете береміз",– деп жазылған жеделхатта.