ҚР Президенттігіне үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын таныстыруды жалғастырып жатыр. Әр өңірге барып, тұрғындармен кездескен олар түрлі күрделі мәселемен жақын танысып, көптің көкейіндегіні тыңдап қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы Ақтөбеде кәсіби спортшылармен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны түсіндірген олар кейіннен ғалым және оқытушы-профессорлардың пікірін тыңдады. Кандидаттың жақтастары еңбек адамдарын да назардан тыс қалдырған жоқ.
«Кездесуде кандидаттарымыздың бағдарламасын айттық. Ең бастысы, халықтың қалыс қалмай сайлауға келуге шақырып жатырмыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының мүшесі Бақытжан Жұмағұлов.
Ал үміткер Мейрам Қажыкен Жаңаөзендік мұғалімдердің пікіріне құлақ түрді. Оқытушы мәртебесі, кәсіподақ міндеті мен сыртқы саясат, экономика жайында ой білдірген сайлаушылар кандидатқа тоғызыншы сенім каскасын табыс етті.
«Көп мәселе. Оның бәрін түгел жазып алдым. Мен өзім педагог болғаннан кейін білемін, түсінемін. Кәсіподақ бар. Кәсіподақпен бірге жұмыс істеу керек. Жұмыс берушілер бірігу керек. Әлеуметтік әріптестік деген осы, міне. Екеуі бірігіп, ортаға мәселені қойып, талқылап, шешім қабылдаса, кез келген мәселені шешуге болады», – деді ҚР Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен.
Қарақат Әбденнің қолдау штабы елорда мен ел аумағындағы жұмысты пысықтады. Бұған дейін 8 облыстың 13 қаласы мен бірқатар елдімекен жұртымен кездескен кандидат ұсыныстардың ескерілетінін айтты.
«Сайлауалды штабқа қойылған талап өте жоғары. Ел өңірлерінен көптеген сұрақ мен ұсыныс түсіп жатыр. Сайлаушылармен кері байланыс орнатылған. Олардың барлығына білікті маман тиісті жауабын беріп жатыр», – деді ҚР Президенттікке үміткер Қ. Әбденнің баспасөз хатшысы Еламан Төлепберген.
«Ауыл» партиясының атынан шыққан үміткер Дайрабаевтың штабы агроөнеркәсіп пен елдімекендерді дамытуға көптеп мән беру керегін айтады. Қостанай облысына барып, Заречный ауылының шаруаларымен кездескен штаб өкілдері шаруалардың бірқатар сұрағына жауап берді.
«Қандай мәселелер шешілмей жатыр? Біріншіден, жанармай. Ол қымбат деп жатыр. Екіншіден, тыңайтқыш қымбаттады. Ал баға... Баға құлап жатыр, неге? Міне, шекара», – деді ҚР Президенттікке үміткер Ж. Дайрабаевтың сенімді өкілі Қанат Айтуғанов.
Оппозициялық партияның өкілі Нұрлан Әуесбаев инфрақұрылымы нашар үйлердің жайымен танысты. Елордадағы жатақхана тұрғындарымен кездескен кандидат мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы аз дейді. Сайлауалды бағдарламасын таныстырған ол бүгінге дейін елдің 7 аймағын аралап үлгерді.
«Жатақхананың жағдайы шынында да өте ауыр және басқа да толып жатқан проблемалар бар. Тұрмыс жағдайлары да қанағаттандырмайды. Сондықтан, өткір-өткір сұрақтар қойылды. Енді өз кезегінде мен де тиісті сұрақтарға жауабын бердім. Осы бағытта болды», – деді ҚР Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Ал үміткер Салтанат Тұрсынбекованың штабы қазір 20 өңірде жұмыс істеп тұр. Бұған дейін республиканың 7 аймағын аралап, тұрғындармен кездескен кандидат әр жиында өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырған еді. Ендігіде көпшіліктен түскен ұсыныс сараланып, жиі қойылатын сұрақтар талқыланып жатыр.
«Кездесулерде уақыттың 30 пайызы бағдарламаны айтумен, түсіндірумен өтеді. Қалған 70 пайызы халықтың проблемаларын тыңдап, олардан кері байланыс алудамыз», – деді ҚР Президенттікке үміткер С. Тұрсынбекованың республикалық штаб жетекшісі Назым Жанғазы.
Бүгін сағат 20:00-де президенттікке үміткерлер арасында дебат өтеді. Ал қарашаның жиырмасында көп күткен маңызды таңдау жасалмақ. Айта кетейік, сайлауға дейінгі 1 күн – тыныштық күні болып есептеледі.
Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы