Президент сайлауы – тек мемлекет басшысын ғана таңдау емес, бұл – ел болашағының жарқын болуы үшін де жасалатын маңызды қадам. Сол себепті оған қатысу, жауапкершілік таныту әрбір қазақстандықтың азаматтық құқығы. Алматылық белсенді жастардың пікірі осындай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдағы саяси науқаннан олар жаңа әрі күрделі саяси өзгерістердің болатынына сенімді.
«Алдағы сайлау – сол саяси реформаларды іске қосу үшін маңызды. Мен сайлаудан әділдік күтемін. Әсіресе жастар үшін жасалып жатқан реформа нәтижелі болады деп сенемін», – деді Наурызбай ауданы бойынша жастар ресурстық орталығының жетекшісі Абзал Әріпов.
Ал, ақын-жазушылар мен философтар сайлау – ел дамуының бағдарын айқындау үшін ұйымдастырылатын маңызды іс-шара екенін айтады. Бүгінге дейін халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ұсынылған бағдарламалар мен реформалардың бастамасы көңіл қуантады дейді олар. Бұл ретте ел тұрғындары бір тудың астына жиналғандай, бірлік көрсетуіміз керек деп санайды.
«Жалпы, сайлау деген ол елдің болашағын айқындайтын керемет бір сәт. Әлемде мың құбылып тұрған, тұтас дүние өзі іркіттей іріп тұрған заманда халықтың бір мықты бір сеніммен, қайтадан бір күш жиып, бір тудың астына топтасып жұмыс жасауы үшін бұл сайлаудың өтіп жатқаны дұрыс деп ойлаймын», – деді ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан.