|
13.10.2022 | 17:54
9001

СҚО-да жаңа автобустардың сапасы сын көтермейді

Қазір қалада 8 автопарк жұмыс істейді

СҚО-да жаңа автобустардың сапасы сын көтермейді Almaty.tv

СҚО-да әкелінген жаңа автобустардың сапасы сын көтермейді. Тасымалдаушылар Қытайдан жеткізілген қоғамдық көліктердің жиі бұзылатынын, ал оған қажетті қосалқы бөлшектерді табу тіпті қиын екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәсіпкерлер су жаңа 100 автобус бір-ақ жыл бұрын сатып алынып, қолданысқа берілсе де, бірінен соң бірі істен шығып жатыр деп шағым айтты.

Бір жыл бұрын СҚО аспан асты елінен 10 шақты автобус әкелінген. Олар сынақтан өтпей сатып алыныпты. Әрқайсысының құны орташа есеппен 40 млн теңге тұрады. Осылайша Петропавл көшелерімен бір қарағанда ыңғайлы әрі жылы 100 жаңа қоғамдық көлік қатынай бастаған. Алайда қуаныш ұзаққа созылмапты. Қала халқының айтуынша, автобустар жиі сынады.

«Автобустар маршрутқа сәйкес жүрмейді. Тек екі-үшеуі қатынайды. Алда қыс келе жатыр, бұл не сұмдық?! Біздің аялдамаларда жаңбырдан да, қардан да, желден де қорғана алмайсың. Автобусты ұзақ күтуге тура келеді, сағатына 1-2 рет-ақ қатынайтын шығар», – деді қала тұрғыны Татьяна Морозова.

Тасымалдаушылар да қоғамдық көліктердің жиі істен шығатынын растап отыр. Ең қиыны, қытайлық техникаға қосалқы бөлшектер табылмайды екен. Болат Рахимов сол атвобустың 30 бірлігін сатып алған. Оны қайта-қайта жөндеп шығынға батып жатқанын айтады. Оның үстіне әкімдіктен өздеріне тиесілі субсидияны ала алмай жүрген көрінеді.  

«Әрине, автобустардың техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Оларға қосалқы бөлшекті Сарань қаласының «Қазтехно» компаниясынан аламыз. Мұнда да қиындықтар бар. Қалалық әкімдікпен келіссөз кезінде бюджетте ақша жетіспейтінін естіп жүрміз. Енді өзіміз де қарызға батып жатырмыз», – деді «Партнер авто» ЖШС директоры Болат Рахимов.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көліктерді сатып алу келісімшартына қол қоймағандықтан мәселеге қатысы жоқ. Ал бөлінген субсидия құны 1 млрд 900 млн теңгені құрайды. Оның 600 млн-нын жылдың аяғына дейін игеру жоспарланған.

«Әкімдік оны ешкімге алдыртқан жоқ. Ол құжатты қарасаңыз үш қол тұр. Өзі подрядчик, СПК және ФРП. Біздің қолымыз жоқ», – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин.

Қазір қалада 8 автопарк жұмыс істейді. Онда 200-ге жуық қоғамдық көлік болса, соның 100-і Қытайдан әкелінген автобус.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир