Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
18 қарашаға дейін кандидаттар өз штабымен бірлесе отырып, халықпен кездеседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң, жастармен жұмыс және декреттегі әйелдерге қашықтан еңбек етуге мүмкіндік беру. Қазақстан Президенттігіне үміткер кандидаттар мен қолдау штабтарының қызу жұмысы жалғасып жатыр. Олар аймақтарды аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, жұртшылықпен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін кандидаттығын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабқа барды. Үгіт-насихат жұмысымен танысып, өз бағдарламасын жария етті. Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штабқа 3 Парламенттік саяси партиядан және 22 республикалық қоғамдық ұйымнан тұратын Халықтық коалицияның өкілдері кірген.

«Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясына барды. Қойылым Мұхтар Әуезовтің 1956 жылы жазылған шығармасының екінші нұсқасы негізінде сахналанған. Жас театр ұлттық ойындар мен хореография, халық әндерін ұштастырып, спектакльдің көркемдік тұтастығын сақтаған. Жұлдызбек Жұманбайдың режисерлігімен сахналанған шығармаға көптен баруды жоспарлап жүрген кандидат жарын және штаб мүшелерін де ерте барды. Ол жерде алматылық театр өкілдерімен тілдесіп, мәдени ортадағы достарымен пікір алмасты.

«Уақыт тығыз. Уақыт аз. Уақыт тауып, келіп жатырмын. Тағы қайталағанда достар бар осы жерде, әріптестер бар. Біздің бастамашыл тобымның мүшелері бар. Қызығушылық білдіремін. Жас театр деп естідім», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден бүгін астаналық сайлаушылармен кездесті. Жиынға тұрғындардан бөлек, ұлттық киім өндірушілер, қолөнер шеберлері қатысты. Айта кетсек, кандидат бұған дейін Ақмола облысы мен Қарағанды қаласының халқымен жүздескен болатын. Алдағы уақытта Павлодар, Абай және Алматы облысының сайлаушыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

«7 аудан, 6 қалада сайлау пунктері орналасқан. Әр аудан мен қалалардан еріктілерді жинап алдық. Солар арқылы осы кісінің бағдарламасын ары қарай таратамыз», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Әбденнің сенімді өкілі Шолпан Әбілдина.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Жамбыл облысындағы Байзақ және Жуалы ауданына барып, осы аймақтағы ауыл тұрғындарымен кездесті. Жұртшылықпен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жобалар, әсіресе кооперативтердің жұмысы төңірегінде сөз қозғалды. Кандидат Жигули Дайрабаевтың пікірінше, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру барысында ауыл шаруашылық кооперацияларын құру өте маңызды.

«Қостөбе ауылдық округіндегі сайлаушылармен кездестім. Бұл кісілердің басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер. Енді жалпы көңіл күйін байқадыңыздар ғой, жақсы. Қазір мына күзгі дала жұмыстары жүріп жатыр. Біреуі қант қызылшасын, біреуі жүгерісін басқа дақылдарын жинап жатқан жағдайлары бар», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев

Президенттікке тағы бір үміткер Нұрлан Әуесбаев және оның қолдау штабы бүгін Ақтөбе облысының жұртымен кездесті. Бұған дейін олар Ақмола өңірінің халқымен жүздесіп, өз бағдарламасын таныстырған болатын. Онда кандидат тұрғындардың бірқатар сұрақтарына жауап беріп, өзге де мәселеге құлақ түрді.  

«Демалыс күніне қарамастан кандидатпен танысу үшін халық келіп отыр. Бағдарлама, қандай программалар болу керегі айтылды. Ұтымды кездесу болды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Н. Әуесбаевтың сенімді өкілі Мақсұт Насибулов.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова нашақорлық, құмар ойындар, маскүнемдік сияқты әлеуметтік мәселелердің ел азаматтары арасында кеңінен таралуына жол беруге болмайды деп санайды. Бұл туралы ол елордада құқық қорғаушылармен кездесу барысында айтты. Қатысушылар кандидаттың сайлауалды бағдарламасы аясында әлеуметтік салада жүзеге асыруды жоспарлап отырған реформаларына қатысты сұрақ қойды.

«Бұл – сайлауалды агитацияның аясындағы ретімен келе жатқан жұмыс. Біріншіден, мен өзімнің бағдарламамдағы негізгі көздеп отырған бағыттарды келген өкілдерге толығымен ашып бердім», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Айта кетсек, сайлауалды үгіт-насихат осыдан 6 күн бұрын ғана басталған болатын. Енді 18 қарашаға дейін кандидаттар өз штабымен бірлесе отырып, халықпен кездесу, өз бағдарламаларын таныстыру сынды жұмыстарды жалғастырады.

Оразай Нұртай, Жадыра Омаржан, «Алматы» телеаранасы

Новости партнеров