Ел президенттігіне ұсынылған 6 кандидат және қолдаушы штабтары өңірлерге сапары жалғастырып жатыр. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының 14-күнінде олар Жетісу, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласының жұртымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидат Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы мүшелері Жетісу облысына сапарында қант зауытына барды. Сонымен қатар, жергілікті халықпен, кәсіпкерлермен және шаруалармен, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында үміткердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
«Бірнеше өңірді аралап келе жатырмыз. Абай, Ұлытау, Алматы облысында, Қарағандыда болдық. Халықпен, соның ішінде зиялы қауыммен де кездестік. Өте жылы мағыналы әңгімелер болды. Сол өңірдің ғана емес, мемлекеттік тұрғыдағы әңгімелер де болды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабының басшысы Ерлан Қошанов.
Үміткер Мейрам Қажыкен Шығыс Қазақстанға сапарында Өскемен қаласына барды. Ондағы электр стансасын аралап, еңбек ұжымымен жүздесті. Қызметкерлер шағын экскурсия ұйымдастырса, президенттікке ұсынылған кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі деген бағыттарын түсіндірді.
«Біздің тұтушылар – Шығыс Қазақстан облысының халқы. Басқару желілері және кәсіпкерлер. Мұнда 140 жуық адам қызмет етеді. Негізгі құрам вахталық жүйеде тәулік бойы өз міндетін атқарады», – деді ГЭС техникалық директоры Олег Изотов.
Ақтөбе облысына барған кандидат Қарақат Әбден өңірдегі штабының жұмысымен танысты. Оларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, үгіт-насихат жұмыстары бойынша жоспарды талқылады. Штабта 4 адам жұмыс істейді. Облыс бойынша 135 ерікті тартылған.
«Халықаралық сайлау эксперттері де штабқа келіп, сұрақтарын қойып жатыр. Өңірлік штаб жұмыс істеуге дайын», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.
Ал кандидат Жигули Дайрабаев пен партияластары Жетісу облысына сапарында Жаркент қаласына тоқтады. Шаруалармен жолығып, егістіктердегі су тапшылығына қатысты бірқатар мәселелер айтылды. Айта кетсек, Панфилов ауданы бойынша 4 өзен бар.
«Сол төртеуі де тартылып кетті. Жалпы ауданда 46 мың га жер игерілетін. Қазір 25 мың га жер ғана игеріліп жатыр. Қалғанына су жетпейді», – деді Агрохолдинг құрылтайшысы Олжас Жапарқұлов.
Алматы қаласына келген үміткер Нұрлан Әуесбаев пен жақтастары Наурызбай ауданының жұртымен және мектеп ұжымымен кездесті. Олардың сұрақтарына жауап берген кандидат сайлауалды тұрғырнамасы жайлы сөз қозғап, партия жөнінде ақпарат берді.
«Пікір алмасудан кейін көптеген туындаған сұрақтар қойылды. Көп мәселе қызықтырып жатыр», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.
Үгіт-насихат жұмыстарының 14-күнін Алматыда өткізген кандидат Салтанат Тұрсынбекова штаб өкілдерімен жолықты. Сондай-ақ тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуде тұтынушылардың құқығын қорғау жайында мәселелер талқыланды.
«Қазақстандықтардың 35%-і тұтынушы құқығы бұзылса ешқайда жүгінбейді екен. Кәсіпкермен жанжал туындаған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова
Кезектен тыс президенттік сайлау 2022 жылдың 20-қарашасына жоспарланып отыр. Жаңа заңға сәйкес, енді Қазақстан президенті 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланады.
Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы