Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 18 байқаушы келген
Сайлауалды науқанда заң бұзылған жоқ. ТМД байқаушылары миссиясы елімізде өтіп жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы барысында ешқандай кемшілік анықтамаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған миссияның басшысы Леонид Анфимов Қазақстанның ОСК саяси науқанға дайын екенін жеткізді.
«Біздің миссия өзгелермен салыстырғанда сайлау комиссияларының, оның ішінде ОСК-ның жұмысыннан «тырнақ астынан кір» немесе қандай да бір болмашы кемшілік іздемейді. Бүгінге дейін үгіт-насихат науқанын өткізу, депутаттыққа кандидаттарды ұсыну барысында заң бұзылмады. Сайлау алдындағы күресте әділетсіздік жайында бірде-бір кемшілік таппадық, ондай ақпарат та жоқ. Кезектен тыс депутаттар сайлауына өз кандидатурасын ұсынған азаматтың барлығы лайықты», – деді ТМД байқаушылар миссиясы бас хатшысының орынбасары Леонид Анфимов.
Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 18 байқаушы келген. Олардың арасында ұйымға мүше мемлекеттердің 11 өкілі, қалған 7 адам аталған ұйымның мүшесі.
«Қазақстандағы осы жолғы сайлау Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа ережелер бойынша өтеді. Бізді саяси науқанға түсіп жатқан кандидаттардың жас ерекшелігі таңқалдырды. Үміткерлердің орташа жасы 46 жастан төмен. Бұл – депутаттық корпусқа жастар келеді деген сөз. Олар Қазақстанның дамуына серпін беріп, креативті идея алып келетініне сенімдімін», – деді Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов.