|
19.03.2023 | 07:10
1732

Saılaý 2023: Қазақстандықтар елордада және шетелде қалай дауыс береді

Сайлауға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне 18-ге толған 12 млн-нан аса дауыс беруші тіркелген

Saılaý 2023: Қазақстандықтар елордада және шетелде қалай дауыс береді Almaty.tv

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау күні ел бойынша 10 мың 223 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның 300-ден астамы елордада. Тағы 77-і шет мемлекеттерде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орталық сайлау комиссиясының ақпарынша, сайлауға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне 18-ге толған 12 миллионнан аса дауыс беруші тіркелген. Әрбір азамат тұрғылықты мекен-жайы бойынша дауыс бере алады. Оларға сайлаудың заңдылықтары мен тәртібін сақтап, таңдау жасауы үшін бар мүмкіндік қарастырылған. Оны байқаушылар мен арнайы комиссия мүшелері қадағалайды. Ең бастысы, сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін қолайсыздық туындамауы тиіс.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жанында ілесіп келетін адамына рұқсат беріледі. Екіншіден оларға арнайы кабинка қойылды. Арнайы стол қойылды. Денсаулық жағдайына байланысты бізге келіп дауыс беруге мүмкіндігі жоқ адамдарға ол кісілердің сұранысы бойынша біздің азаматтар ол кісілердің тұрақты орнына барып, таңдауын алады», – деді №58 сайлау учаскесінің төрағасы Қымбат Іргебаева.

Сайлауда түрлі-түсті бес бюллетень беріледі. Көгілдір түсті дауыс беру парағы – партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын таңдауға арналған. Жасыл бюллетенде бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімі болады. Қызылкүрең, қызғылт сары және сұр түсті сайлау парақтары әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша таңдауға арналған.

«Келетін әр сайлаушынің жеке куәлігі болуы керек. Комиссия мүшесіне алфавит бойынша тексеріледі. Жеке куәлігін берген соң растау алып, содан соң тізім бойынша бюллетень беріледі. Сайлау учаскесінде 3 жәшік бар. Үлкені учаске ішінде, кішкентай жәшіктер өтініш бойынша азаматтардың үйіне апаруға арналған», – деді №139 сайлау учаскесінің төрағасы Альмира Мұратбекова.

Сайлау күні сапарға шыққан немесе өзге қалаға қоныс аударған азаматтар да өз таңдауын жасай алады. Ол үшін бірінші кезекте өзі тіркелген учаскеге барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуы керек. Ол саяси науқанға бір күн қалғанға дейін беріледі. «Халық қалаулылары» таңдалатын маңызды күні төтенше жағдайлар қызметкерлері де күшейтілген режимде жұмыс істемек.

Қазір шаһарда барлығы 300-ден астам сайлау учаскесі бар. Бас қала тұрғындары таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін тұрғылықты мекенжайына байланысты сайлау учаскесіне барып, өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады.

«Дәл осы сайлау күні біздің қызметкерлер күшейтілген режимге ауыстырылады. Мониторинг топтарымыз бар. Жалпы қала аумағында 339 сайлау учаскесінде нұсқаулықтар өткізілді. Сонымен қатар өрт қызметі саласы бойынша осы сияқты сайлау учаскелерінде объектіге өрт сөндіру жоспары мен карталар жаңартылды», – деді ТЖД-нің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир