|
19.03.2023 | 07:29
3366

Saılaý 2023: Алматы тұрғындары сайлауда қалай дауыс бере алады

Сайлаушыларға дауыс беру уақыты, орны мен сайлау учаскелерінің мекенжайы көрсетілген 1 миллион 202 мың шақыру қағазы таратылған

Saılaý 2023: Алматы тұрғындары сайлауда қалай дауыс бере алады Almaty.tv

Алматылықтар сайлау күні қаланың 8 ауданында орналасқан 602 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Сайлаушыларға дауыс беру уақыты, орны мен сайлау учаскелерінің мекенжайы көрсетілген 1 миллион 202 мың шақыру қағазы таратылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалпы Алматы қаласы бойынша 603 сайлау учаскесі бар. Биыл шекара қызметінің әскери бөлімінде орналасқан бір учаске жауынгерлер мен дауыс берушілердің жоқтығына байланысты жұмысын тоқтатты. Ал 70 сайлау учаскесі жабық саналады. Онда дауыс беру кез келген уақытта аяқталады. 7 әскери бөлімде орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы 6:00-де басталды.

«Барлық сайлау учаскелері дауыс беру жәшіктерімен, дауыс беру кабиналарымен, жиһаздармен, ұйымдастыру техникасымен, кеңсе тауарларымен жабдықталған. Сондай-ақ, белгіленген ережеге сай ақпараттық тақталар болады. Онда сіздер Мәжіліс және Алматы қаласының мәслихаты депутаттығына үміткерлерді көре аласыздар. Тақтада кандидаттардың суреті және олар туралы екі тілде қысқаша ақпарат болады», – деді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.

Биыл Алматы бойынша сайлаушылардың әрқайсысына таңдау жасау үшін 4 бюллетеньнен беріледі. 4 млн 800 мыңнан астам бюллетень сайлау учаскелеріне таратылды. Олар полицейлердің қорғауында.

Сайлауға қатысу әр азаматтың парызы. Науқан кезінде мүмкіндігі шектеулі, төсек тартып жатқан жандар да дауыс беруден қалыс қалмайды. Мәселен, түскі 12:00-ге дейін үйде дауыс беретіндерден телефон арқылы өтініштер қабылданады. Кейін тізім жасалған соң, сайлау учаскесінен 2 маман бөлініп, жәшіктерді алып, мекенжайларға аттанады.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар сайлау учаскесіне келген жағдайда қақпада қоңырау бар, соны басқан кезде қоңырау бізге келіп түседі. Сол қоңырау бойынша біз келіп, көмек береміз немесе өздері лифт арқылы көтеріліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жолмен кабинкаға келіп дауыс бере алады. Бұл кабинка басқа кабинкаларға қарағанда ерекшелігі – іші кең. Көзі нашар көретін кісілерге трафарет және лупаны қоямыз, сонымен қатар есту қабілеті нашар кісілерге де барлық жағдай жасалған», – деді №91 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Гүлнұр Әлімбек.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 39 мың 570 дауыс беруге құқығы бар мүмкіндігі шектеулі жан бар. Сайлау күні 100 инватакси қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қосымша 10 көлік кезекшілік етеді.

Жадыра Омаржан, Сағындық Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир