|
19.03.2023 | 17:21
1435

Солтүстік Қазақстанда 631 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

СҚО-да 384 мыңнан астам адам сайлауға қатысуға құқығы бар

Солтүстік Қазақстанда 631 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр Almaty.tv

СҚО-да тұрғындар 631 сайлау учаскесінде таңдау жасай алады. Оның екеуі таңғы сағат 6:00-де, ал қалғандары сағат 7:00-де жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

№ 595 сайлау учаскесінде 1300-ден астам тұрғын дауыс беруге құқылы. Олардың арасында 10 тыл еңбеккері, алғаш рет дауыс беретін 5 азамат бар. Сондай-ақ облыс әкімі Айдарбек Сапаров та өз таңдауын жасады.

Ал таңғы сағат 6:00-де ҚР Ұлттық ұлан академиясында №655 жабық учаске жұмысын бастады. Оқу орнында дауыс беруге 700-ге жуық адам қатысты. 3 курс студенті Айдос Жұмағұлов алғаш рет дауыс беріпті.

«Сайлау – қазақстандықтар үшін өте маңызды оқиға. Біз мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау арқылы қоғамдық белсенділігімізді көрсете аламыз. Халықтың, елдің жағдайы жақсарады деген сенімдемін», – деді ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанты Айдос Жұмағұлов.

Ал Петропавл тұрғыны Ниязбек Есқақов сайлау күні өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуді ұйғарыпты. Ол таңғы сағат 9:00-ден бастап сайлаушыларға тегін такси қызметін көрсетіп жүр.

«Бүгін сайлауға келіп, таңдауын жасаймын деген адамдарды тегін тасимын», – деді такси жүргізушісі Ниязбек Есқақов.

Солтүстіктегі елдімекендерде де дауыс беру белсенді жүріп жатыр. Есіл ауданы Явленка ауылында сайлауға отбасымен келгендер де бар. Солардың бірі – Құсайыновтар әулеті. Отағасы Мүбарак Құсайынов дауыс беруге жұбайы мен немересін ала келген.

«Биылғы сайлаудың  маңызы зор. Депутаттарға сенім артып, сайлап жатырмыз. Халыққа қызмет етсін», – деді Явленка ауылының тұрғыны Мүбарак Құсайынов.

СҚО-да 384 мыңнан астам адамның сайлауға қатысуға құқығы бар. Өңірде 631 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 97-сі облыс орталығында орналасқан.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир