|
13.03.2023 | 17:31
2443

Сайлауға түсетін партиялар үгіт-насихатты жалғастырып жатыр

Cаяси дода 19 наурызда өтпек

Сайлауға түсетін партиялар үгіт-насихатты жалғастырып жатыр baq.kz

Сайлауға түсетін партиялар үгіт-насихатты жалғастырып жатыр. Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер мен ұйым өкілдері өз жұмысын өңір-өңірді аралап, тұрғындармен кездесуден бастаған. Тұралаған мәселе, шешілмеген түйткілді шама-шарқымыз жеткенше біржақты етеміз дегендер нақты бағдарламаны да көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана тұрғындарына AMANAT партиясы ұйымдастырған концертте эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Мерекемен құттықтап, партияның бағдарламасын таныстырғандар насихат әлі де жалғасатынын жеткізді.

«Біз қазақ халқы Алаш қайраткерлерінің егемендік үшін, ұлттық мүдде үшін күрескенін місе тұтқан ұрпақпыз», – деді AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

«Ауыл» партиясы оңтүстік жұртымен кездесіп жүр. Саяси ұйым өкілдері диқандар мен фермерлердің түйткіліне назар аудармақ. Отандық ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді тыңдаған делегация енді Қызылорда облысына жол тартады.

«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республика төңірегінде алатын орны ерекше. Біз жылына бір жерден 2-3 өнім аламыз. Бұл – саяси науқанның маңыздылығы бүкіл сайлаушының сайлауға деген сенімі», – деді «Ауыл» партиясы өңірлік штабының басшысы Ерубай Дуанаев.

Respublica партиясы бүгінге дейін атқарылған жұмысты қорытындылады. Өңірлердегі штаб байланысын арттыратын олар белсенділік артта түсетінін айтты.

«15 облыс 3 қаланы араладық. 2 облысқа, 3 қалаға қайта көңіл бөліп, 500 мыңнан асырып тоқтаймыз деп ойлаймын», – деді Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау.

Сайлау жақындағанда Қазақстан халық партиясы да белсенділікті арттыруға күш салды. Оралдағы тігін фабрикасында болып, бой көтерген жаңа шағын аудан жұртымен танысқан партиялықтар бұл кездесуде сайлауалды бағдарламаға кеңінен тоқталды.

«200-ден астам іс-шара өткіздік. 50 мыңнан астам үгіт материалын таратқан болатынбыз. БҚО-ның әр ауданына бардық. Әр барған кездесуде халық белсенді қатысып жатыр. Өз ойы мен пікірін білдіріп жатыр», – деді  «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі Ниязбек Есеналиев.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Алматыда экологтармен бас қосты. Кездесу барысында саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, экобелсенділердің сауалдарына жауап берілді. Жаңару бағытында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформа төңірегінде әңгімелескен партиялықтар мегаполистің бірқатар мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. «Байтақтың» аталған бағыттағы жобалары таныстырылған тұста жиынға келген көпшілік те жасыл энергетика, таза ауызсу және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша тың идея ұсынды. Айта кетейік, жасылдар партиясының республикалық және аймақтағы штабтары бекітілген кестеге сәйкес халықпен кездесуін жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін 3,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған миллионға жуық адам тартылған. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда белсенділер үгіт-насихат жасауға үлес қосып жүр. Мәселен, партияның бағдарламасын таныстыру үшін аймақтардағы халық санына қарай 200 еріктіге дейін жұмылдырылыпты.  

Шағын және орта бизнестің даму қарқынын назарға алған «Ақ жолдықтар» үгіт-насихатты Павлодарда жалғастырып жүр. Қаладағы кәсіпкерлермен кездесіп, өңір азаматтарының сұрағына жауап бергендер еңбек ұжымдарының мәселесін ескеру керегін алға тартты.  

«Біздің мақсатымызға сай осы облыстың, аймақтың азаматтарымен кездестік.Партияның Парламентте және жергілікті мәслихатта жүргізетін саясаты жөнінде есеп бердік. Халықты ұстанымызбен таныстырдық», – деді  «Ақ жол»  демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Үгіт-насихаттың қорытындысын талқыға салу үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері де бір ортада бас қосты. Депутаттыққа кандидаттар сайлауалды науқанның жоспарын тағы бір пысықтап, міндетті айқындап алды. Бүгінге дейін аталған партия 500-ден астам іс-шара өткізген екен. «Жұмыс мұнымен тоқтаған жоқ, белсенділік артады»дейді саяси ұйымның мүшесі.

«Жоспарлаған 500 іс-шараны өткіздік, қазір енді осы соңғы аптада 300 шара жоспарлап отырмыз. 1000-нан астам ерікті бар. 20 өңірде 20 филиалымыз бар. Үгіт-насихат қағаздары, газеттері барлық өңірге толық жетті», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшесі Талғат Омаров.  

Жоғарыда аталған партиялар 18 наурызға дейін үгіт-насихат жүргізе алады. Сайлауға дейін ел аумағында депутаттыққа үміткерлердің бағдарламасы кең таныстырылып жатыр. Еске сала кетейік, саяси дода 19 наурызда өтпек.

Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир