|
17.03.2023 | 17:47
3120

Сайлау-2023: Елімізде 10 мың 223 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Сайлауда 12 миллионнан аса адам дауыс беруге құқылы

Сайлау-2023: Елімізде 10 мың 223 сайлау учаскесі жұмыс істейді Фото из архива Almaty.tv

Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына 2 күн қалды. Алдағы саяси науқан күні ел бойынша 10 мың 223 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 300-ден астамы елордада. Ал 77 сайлау учаскесі шетелде орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайлауға санаулы күн қалды. Қазір учаскелердің бәрінде қарбалас. Қажетті құрал-жабдықтар орналастырылып жатыр. Әрбір азамат сайлаудың заңдылықтары мен тәртібін сақтап, таңдау жасауы үшін бар мүмкіндік қарастырылған. Оны байқаушылар мен арнайы комиссия мүшелері қадағалайды. Ең бастысы сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін қолайсыздық туындамауы тиіс.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қасында ілесіп келген жанға рұқсат беріледі. Екіншіден, оларға арнайы кабинкаға стол қойылды. Денсаулық жағдайына байланысты сайлауға қатыса алмаған  тұрғындардың үйіне барып, дауыс беруге мүмкіндік жасалады», – деді №58 сайлау учаскесінің төрағасы Қымбат Іргебаева.

Сайлау күні сапарға шыққан немесе өзге қалаға қоныс аударған азаматтар да өз таңдауын жасай алады. Ол үшін бірінші кезекте өзі тіркелген учаскеге барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуы керек. Ол саяси науқанға бір күн қалғанға дейін беріледі. «Халық қалаулылары» таңдалатын маңызды күні төтенше жағдайлар қызметкерлері де күшейтілген режимде жұмыс істемек.

«Сайлау күні қызметкерлер күшейтілген режимге ауыстырылады. Мониторинг топтарымыз бар. Қала аумағында 339 сайлау учаскесінде нұсқаулық өткізілді. Сонымен қатар, өрт қызметі саласы бойынша сайлау учаскелерінде өрт сөндіру жоспары мен карточкалары жаңартылды», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.  

Қазір шаһарда барлығы 300-ден астам сайлау учаскесі бар. Бас қала тұрғындары 19 наурызда таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін тұрғылықты мекеніне қарай сайлау учаскесіне барып, өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады. Сайлауда 12 миллионнан аса адам дауыс беруге құқылы.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир