Ол "Salem social media" ұсынған «Завод» атты жаңа веб-сериалда белгілі бір образды сомдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ең мәртебелі Грэмми сыйлығының иегері веб-сериалда шақырылған қонақ ретінде ойнайтын болды. Оқиға желісі бойынша ол болашағы жарқын маман болады. Жалпы, жаңа туындыға Иманбекпен бірге белгілі блогер Хаким Мукарам және Ілияс Көпжасаров түседі. Дәл қазіргі уақытта танымал музыкант түсірілім жұмыстарын аяқтаған.
"Актерлік құрамда Imanbek-тен басқа да танымал актерлер мен блогерлер бар. Мәселен, ол қатарда тағы бір павлодарлық актер бар. Ол - "5:32" сериалы арқылы көпке танымал Қобланды Болат. Бұдан бөлек, Аружан Жазылбекованы да осы веб-сериалдан көруге болады", - делінген хабарламада.
«Завод» веб-сериалы байдың ерке баласы Олжастың (Қобланды Болат) оқиғасын көрсетеді. Кезекті бір жағымсыз қылығынан соң Олжасты Павлодардағы зауытқа қарапайым жұмыскер ретінде жібереді. Ол жерде бас кейіпкер жаңа таныстар және өміріне маңызды мақсаттар табады. Веб-сериал түсірілімі 3 тамыз күні басталды. Жалпы, түсірілім уақыты 22 күн.
Релиз биылғы жылы күзде болады.