Танымал актер Рүстем Жаныаманов Алматы телеарнасының тапсырысымен түсірілген «DiNaZaur» телехикаясын мақтап, оң бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол бұл туралы PAPARAZZI бағдарламасында айтты.
Танымал актердің жары Жанаргүл Жаныаманова аталған телехикаясында басты кейіпкердің бірін сомдайды. Жарының әр қадамына ерекше қолдау көрсететін отағасы келіншегінің бұл образына қатысты өз ойын айтты.
«Маған өте ұнады. Құрбылар туралы отбасылық кино. Біз рахаттанып бала-шағамызбен бірге көреміз. Өте жақсы жоба. Естуімше, үшінші маусымы түсіріліп жатыр екен. Соны енді асыға күтеміз. Оның осы кинодағы образы қатты ұнады. Осындай туындылар көп бола берсін», − деді Рүстем Жаныаманов.
Актердың кино әлемінде жоспары көп. Арманы − бұрын-соңды болмаған тың жанрда жаңа образ жасау. Одан бөлек отандық киноиндустрияның мәселелерін қозғап, режиссерлерге ұсыныс айтты.
«Актер үшін тың образдар қажет. Қыры ашылмаған, сыры беймәлім дүниелер жасалу керек. Бізде көбіне комедия мен тарихи драмалар ғой. Шіркін, басқа да бағытта, өзге жанрларда фильмдер түсірсек. Мәселен, мен бір нәрсені ескергім келеді. Көзге көрінбей, еленбей жүрген әлемдік деңгейдегі ашыла алмай қалған көптеген талантты актерлер бар. Соларды режиссерлер ерінбей жер-жерден іздесе, тауып алса екен деймін», − деді Рүстем Жаныаманов.
Бағдарламаның толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар.