Жұлдыз Абдукаримова жеңісіне сенімсіздік білдіргендерге ренішін білдірді

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
Ол жеңісін қарсыластарына емес, отандастарына дәлелдей алмай қиналғанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Абдукаримова 1-24 желтоқсан аралығында өткен «Әлем ханымы 2020» байқауына қатысып, бірінші орынға ие болды. Дегенмен, оның тәж таққан сәтін көрмеген көпшілік «Әлем ханымы – 2020» атанғанына аса сенбеген. Ол жеңісін қарсыластарына емес, отандастарына дәлелдей алмай қиналғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Instagram парақшасында Жұлдыз: «Ең бір өкініштісі – өз жеңісімізге өзге емес өзіміз күмән келтіріп, мойындай алмай жатқанымыз. Байқауға қатысқан қарсыластарыма емес, өз еліме дәлелдеу қиындық тудырады деп мүлде ойламаппын. Тіпті, шетелдегі ұйымдастырушыларға Қазақстан журналистері «Қаншаға сатып алды?» деп хат жолдапты. Ал ұйымдастырушылар байқау тарихында өз елінің жеңісіне күмән келтірген, негатив тудырған мұндай жағдайды бірінші рет көруіміз дегенде, жеңісімнен бұрын қатысқаныма ұялып кеттім...», – деп жазды.

Сонымен қатар, Жұлдыз Абдукаримова байқау туралы өзіне жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Ол пандемия салдарынан 44 жылдық тарихы бар «Mrs. Universe» байқауы алғаш рет онлайн өткізілгендіктен, қатысушылар бір сахнада бас қосып, сайысқа түспегендігін жеткізді. Оның орнына қатысушы өзін, елін таныстыратын 1 минуттық ролик түсіріп, түрлі образдағы суреттері мен биографиясын, анкетасын жіберген. Содан кейін ғана дауыс беріп, жеңімпаз таңдалғанын айтты.

Жұлдыз Абдукаримова «Ресейлік ханым жеңіске жетті» деген ақпараттың жалған екенін де атап өтті. Ол «Mrs. Universe» ресми сайтына кірсеңіз, әр жылдың жеңімпаздары көрсетілген. 2020 жыл жеңімпазы деп Ресей емес, Қазақстан жазылған», – деді.

«Әлем ханымы – 2020» атанған Жұлдыз байқауға жолдасы әнші Қайрат Нұртастың да үлесін тілге тиек етті. «Иә, әрине. Байқаудың ең негізгі шарты –  тұрмыстағы, балалы-шағалы әйел болу. 4 баланың анасы болуыма, әрине, Қайраттың үлесі бар».
Сондай-ақ, жеңіс тұғырынан көрінуге сеп болған барлық қолдаушыларына Жұлдыз Абдукаримова алғыс білдірді.

«Ақшамен құр атақ сатып алғанша, білім – оқу сатып алғаным 100 есе пайдалы әрі қайтымды емес пе?! Жеңістің шын дәмін алғашқы күннен-ақ дауыс берген халық біледі. Ал қалғаны – өзі дауыс бермеген және ештеңені көрмеген адамның сөзі. Ондай адам сыртта жүріп іштегіні, шындықты қайдан білер дейсіз?! Осыдан кейін де Қазақстанның жеңісіне күмән келтірушілерді ішінде ұлттық комплексі көп адамдар санатына жатқызуға болатын шығар... Ал мені қолдаған ақжүрек халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ», –  деп жазады Жұлдыз ханым.


Новости партнеров