|
29.12.2022 | 20:00
29054

«Алматы» телеарнасы «Қайғылы қаңтар: Бүліктен соң…» фильмінің бесінші сериясын ұсынды

Журналистік зерттеу жанрындағы авторлық фильмнің мақсаты – Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысты алып-қашпа әңгімелерді ысырып қойып, оқиға хронологиясын қалпына келтіру арқылы жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын көрсету

«Алматы» телеарнасы «Қайғылы қаңтар: Бүліктен соң…» фильмінің бесінші сериясын ұсынды

«Алматы» телеарнасы бүкіл еліміз үшін ауыр сынақ болған үлкен қасірет туралы журналистік зерттеу жанрындағы 5 бөлімді деректі фильмнің бесінші бөлімін ұсынды. Фильмде эксклюзивті сұхбат пен бұған дейін беймәлім фактілер келтірілген. Сонымен қатар, авторлар қанды бүлік пен сұмдық алапатқа айналған наразылықтың толық хронологиясын қалпына келтіруге тырысқан.

Фильмнің авторларының айтуынша, қайғылы қаңтар бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен қатер, ауыр сынақ болды. Не жағдай, неге олай болды деген сұрақтарға әркім өзінше жауап іздеп, түрлі дәлел келтіреді. Алайда анығы ол – бейбіт шеруге шыққандарды өзге бір күштер пайдаланып, арам пиғылын жүзеге асырғысы келді. Мұны сол оқиғаның қайнаған ортасында болғандар да растайды.  

«Біреудің артынан еріп, қырғын төбелес шығару қажет емес. Сондықтан мәселенің бәрін сабырмен шешу керек. Істеген ісіме қатты өкінемін. Қазақстандай үлкен еліміз бар, қаншама бауырларымыз бар, сол кісілерге айтарым, осындай араңдатушылықтарға мен сияқты еріп кетпесе екен», дейді күдікті.

Ұйымдастырушылар мен үйлестірушілердің билікті күшпен басып алуға талпынғанын, олардың жоспарлы түрде іске асқан қимылы дәлелдеп отыр. Жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күндері мен әрі қарай жалғасқан бүлік кезінде қарулы топтар еліміздің алты аймағында әрі, республикалық маңызы бар Алматы мен Шымкент қалаларында 1,5 мыңнан аса нысанды қиратып, өртеді. Ең алдымен олар оннан аса мемлекеттік мекемелерді, әкімшілік, орта және шағын бизнес нысандарын тонап,  полиция  ғимараттары мен  бірнеше жүзден асатын көлікті өртеп жіберген. Кейіннен Алматы әкімдігі мен Резиденцияға шабуыл жасап, басып алмақ болды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының барлық дерегі, яғни,  қылмыстық жазбалар, мұрағаттық қылмыстық істер  мен іздеуде жүрген адамдар туралы деректер сақталынған Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет ғимаратына басып кіруге әрекеттенген. Одан кейін, нағыз қару-жарақ қоймасы бар полиция департаменті мен бөлімшелерге  шабуылды ұйымдастырды.

Одан кейін олар ішкі және сыртқы қатынауға бөгет жасау мақсатында халықаралық әуежайды басып алды. Дәл сол кезде өзге топ БАҚ ғимараттарының кеңселерінің астаң-кестеңін шығарып, Көктебе телемұнарасын қолға түсіргісі келді. Егер олардың ойы іске асқан жағдайда, бұл үлкен ақпараттық коллапсқа алып келер еді. Ең сорақысы қаруланып алған бүлікшілер күштік құрылым өкілдері мен бейбіт тұрғындарға оқ атты.

Израильдік саяси стратег Дэвид Эйдельманның айтуынша, жағдайды, жасанды түрде бейберекет жасап, бәрін өз уысында ұстағысы келгендер пайдалануға тырысқан.

«Олардың ойы іске аспады. Бұл Қазақстан билігінің, әсіресе, Президенттің, сонымен қатар, қазақ халқының жағдайды тұрақсыздандырғысы келгендерге ермей, сабырлық танытуының арқасы», – деді танымал саясаттанушы.

Қаңтар оқиғасы кезінде мыңдаған адам зардап шекті. Оның ішінде бейбіт тұрғындарда бар. Оның бірі – алматылық Бақыт Істебаев сол күні соққы астында қалған әскери жауынгерді қорғамақ болыпты. Әрі, жараланған жігітке көмек көрсету барысында оның өзіне оқ тиіп, есінен танып қалады. Сол күні ауруханаға түсіп, аяғына ота жасалған. Оның ойынша, қаңтардағы сұмдықты ұмыту мүмкін емес және бейбіт өмірге жетер ештеңе жоқ.

«Мұндай жағдай елімізде қайта болмасын, тыныштық болсын. Әр нәрседен адам сабақ алады ғой, бұл – біздің елге, халыққа, үлкен сабақ болды», – деді Бақыт Істебаев.

Қарулы топтар еппен және айқын жоспар бойынша әрекет еткені анық. Олар, біріншіден, әлеуметтік наразылық арқылы жағдайды шиеленістіріп, бейбіт шеруге шыққандарды күштік құрылымдарды таяқ астына алып, ұрлық-қарлық жасауға, жанғыш заттарды дайындауға  мәжбүр етті. Арандатушыларға, қызыл күрте киген үйлестірушілерге, сондай-ақ, тамақ жеткізетін компаниялардың курьерінің киімімен жүрген «байланысшылар» көмек көрсеткен. Оның бәрі бейнекөріністерден байқалады. Екіншіден, стратегиялық нысандарды басып алып, жойып жіберу мақсатында шабуыл жасалды. Үшіншіден, қалаларды бақылауына алғаннан кейін, телеарналар арқылы ел  басшылығына мәлімдеме жасап, билікті беруін талап ету болды.Бірақ, олардың ойы іске асқан жоқ.

«Бұл арада әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батылдығын мойындау керек. Биліктің құламайтыны туралы мәлімдеме жасауы  түбегейлі мәні бар, бетбұрысты сәт болды», – дейді саясаттанушы Талғат Қалиев

Сарапшылардың айтуынша, қастандық жасаушылар мен радикалдар мемлекетке қол сұғуға ұмтылып, бейбіт шеруді елдегі тұрақтылықты бұзу мақсатында  пайдаланды. Төнген қатерге қарамастан, Қазақстан ел бірлігінің арқасында мемлекеттігі мен тәуелсіздігін сақтап қалды.

Фильм авторларының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған алғашқы күннен бастап демократиялық реформа жолын ұстанды. Мемлекет басшысы  бірқатар маңызды заңға  өзгерістер енгізген бірнеше реформа ұсынды. Елдің саяси және экономикалық өміріндегі өзгерістер 1 жылда іске аспайтыны анық. Бірақ сол кезде Президент бұл мәселені кейінге шегеруге болмайды деген еді. Мемлекет басшысы бірқатар бастаманы ұсынды. Ол - билік пен  қоғам арасындағы тұрақты диалогқа бағытталған «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» формуласы мен «еститін мемлекет» тұжырымдамасы еді. «Қаңтар оқиғасын» қоғамдық-саяси құрылымды қайта қалпына келтіру кезеңінің жаңа бастамасындай десек артық айтқандық болмас. Әрі ол Президент жариялаған жаңа реформалардың жүзеге асуын жеделдетуге арналған қозғалтқыш күш іспетті болды.

Бельгиялық сарапшы Альберто Тюркстраның айтуынша, Қазақстандағы саяси жүйе реформа жасауды қажет етті, ал билік оны жүзеге асырды.  

«Конституциялық референдум, алда өтетін сайлау – бәрі жаңа реформалардың нәтижесі.  Мен сеніммен қараймын, өйткені қаңтар оқиғасы дұрыс шешілді.  Тұрақтылық та демократия сияқты маңызды нәрсе.  Тұрақтылық – геосаяси жағынан тұрақсыз ғасырда  көпвекторлы ел ретіндегі ұстанымдарыңызды сақтау үшін қажет. Осы жағынан сіздер 30 жылда табысқа жеттіңіздер , бұл өркендеуге жол ашады. Егер тұрақтылық болмаса, шет елдік инвестицияда кірмейді»,  деді ол.

Танымал ақын Ақберен Елгезектің ойынша, біздің өмірімізді екіге қақ бөлген қайғылы қаңтар, болған жағдайды қайтадан  ой елегінен өткізу қажет екенін көрсетті.  

«Бейбіт өмірдің жеңісі көп болады, тұрақты өмірдің жемісі көп болады». Қаңтардан кейін бәріміздің, жалпы қоғамның санасы мүлдем басқа, біздің көзқарасымыз өзгерді, дүниесенуіміз өзгерді, көп нәрселерге басқаша қарайтын болдық. Сондықтан енді мемлекет өзінің заңды институционалдық қызметін атқаруы керек. Әділетті заңды қабылдау және оны әділетті түрде қадағалау» деді Ақберген Елгезек

Бүгінде Президент өзіне берілген өкілеттік пен артықшылықтардан бас тартып, бүкіл ел тарихында бұрын-соңды болмаған демократиялық реформаларды іске асыруда. Мемлекет басшысы бұдан былай елді енді, халықпен 7 жылға келісім-шартқа отыратын, жалдамалы менеджер басқаратын болады деді.  

Фильм авторларының айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шеруді бүлікке,  ұрлық-қарлық пен қылмысқа ұластырып, билікті басып алуға әрекеттенгендердің жоспары іске аспады. Бұл кезектен тыс өткен сайлауда Мемлекет басшысының төңірегіне ұйысқан ұлтымыздың даналығы мен патриоттық сезімінің арқасы. 20 қарашада сайлаушылар тізіміне енген қазақстандықтардың 80 пайыздан астамы «Әділетті Қазақстан» және мемлекет басшысы айтқан реформалар үшін дауыс беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

«Қайғылы қаңтар» кезінде Президент – мемлекетті қорғап, тәртіпті қалыпқа келтіру үшін бар күшін салды. Мемлеттігімізді сақтап қалды. Демек, татулық, тұрақтылық пен біртұтастық – қоғамның, жалпы мемлекеттің дамуының кепілі. Сондықтан қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеу – барша қазақстандықтардың басты міндеті.

«Алматы» телеарнасының ресми YouTube арнасынан «Қайғылы қаңтар» журналистік зерттеу жанрындағы авторлық фильмнің барлық бөлімін көріңіз.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир