«Алматы» телеарнасының тұрақты көрермендері үшін қуанышты жаңалық. Бұған дейін эфирімізден көрсетілген «Менің бапкерім» телехикаясының екінші маусымы бүгіннен бастап көрермен назарына ұсыналады. Түсірілім тобы жаңа бөлімнің сюжет желісі түрлі шытырман оқиғаға толы болады деп сендірді. Сериалдың бірінші маусымы да көпшіліктің көңілінен шығып, жоғары қаралым жинаған болатын.
Телехикаяның бірінші маусымында Ерназар есімді жас бапкердің футбол командасы чемпион атанып, оны басқа беделді командаға бас жаттықтырушы болуға шақырады. Телесериалдың бірінші бөлімі осылай аяқталған еді. Жалғасы қалай болар екен деп көрермен тағатсыздана күтті. Телехикаяның екінші бөлімінде Ерназар жаңа жұмыс орнына келіседі. Бірақ бәрі ол ойлағандай болмайды.
«Маған келгеннен кейін бас бапкердің рөлін бермейді. Ол жерде құрама бастығының баласы отырады. Осы жерден қақтығыстар басталады. Екінші сезоны да бірінші сезоны секілді жақсы шығады деп ойлаймын. Көременге айтарым, көріңіздер, бағасын берерсіздер», – деді актер Дарын Шыныбек.
Өзгені жеңу үшін алдымен өзіңмен күрес. Бұл – сериалдың негізгі идеясы. Сондай-ақ, кинотуындыда қазіргі жастардың өзекті мәселесі де қозғалады. Олардың шығармашылығын дамыту, спортқа баулу арқылы жаңа қабілеттерін ашу. Жетістікке жету үшін ерік-жігерін шыңдау. Мұның бәрі телехикаяда көрініс табады.
«Актерлар мықты. «Сен тұр мен атайын» дегендей түр десе түрі бар, бой десе бойы бар мықты актерлер жиналды. Қазір бізде футбол туралы фильм көп жоққой. Бірінші мауысымын түсірдік. Енді екінші маусымы да көрерменге ұнайды деп сенеміз», – деді актриса Айым Талғат.
Телехикая «Алматы» телеарнасының қолдауымен түсірілді. «Менің бапкерім» сериалының бірінші маусымы Ютуб желісінде де көп қаралым жинады. Көрерменнің сұрауымен бүгіннен бастап екінші маусымы эфирге жол тартады. Сағат 21:00-де «Алматы» телеарнасы қосулы болсын!
Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» теларнасы