|
28.09.2021 | 20:22
6269

Қазақстан алғаш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалына өтті

Енді жартылай финалда Қазақстан Португалиямен кездеседі

Қазақстан алғаш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалына өтті Фото: ашық дереккөз

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Литвада өтіп жатқан байрақты бәсекеде отандастарымыз Иранды 3:2 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Еліміз үшін сенсацияға толы турнир жанкүйерлердің делебесін қоздырғаны сөзcіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    


Тартысты ойынның алғашқы таймында қарсыластар жылдам шабуылға көшіп, 2 гол соғып кетті. Алайда, футзалшыларымыз үзілістен соң қарымта шабуылға ден қойып, матчтың 25-ші минутында есеп айырмасын 1 голга қысқартты.

Көп ұзамай ойынның 29-шы минутында шабуылшы Арнольд Кнауб таразы басын теңестірсе, матчтың соңғы сәттерінде Тайнан жеңіс голын соғып, ойын тағдырын шешіп кетті.

«Керемет эмоцияларды бастан өткерудеміз. Бұл біз үшін, барлық ойыншы үшін тарихи жетістік болып саналады. Біз әлем чемпионатының жартылай финалында ойнауға лайық екенімізді дәлелдедік», – дейді футзалдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Арнольд Кнауб.

Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі жеңіліссіз сериясын жалғастырып, ақтық кезеңге бір табан жақындады. Жартылай финалда Португалиямен ойнаса, екінші жұпта Бразилия мен Аргентина құрамалары өзара финалдық бәсекенің жолдамасын сарапқа салады.

«Егер сізде осындай ойыншылар болса, кез келген адам бапкер бола алады. Бұл толығымен солардың еңбегі. Бұл өте керемет. Егер мен қазақ болсам, осындай адамдармен мақтанар едім. Олар – керемет ойыншылар», – деді футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.

Айта кетейік, ұлттық құрамада ойнайтындардың басым бөлігі – алматылық спортшылар. Соған байланысты кино мамандары қазір шынайы оқиғаға негізделген  “Бапкер” атты телехикая түсіруді бастап кетті. Туынды желісі бойынша “Қайрат” клубындағы футболшы ауыр жарақат алып, кейін жаттықтырушы болып, жас спортшыларды үлкен ойындарға дайындайды.

«Жалпы туынды 12 сериядан тұрады. Хронометражы 25-30 минут. Қазақстанда негізі спорт жанры аз түсіріледі. Енді-енді қарқындап дамып келе жатырмыз. Жақсы сценарийлер жазылып жатыр. Соған үлесімізді қосып жатырмыз», – деді телехикая продюсері Нұрсұлтан Садманов.

Мамандар телесериалдың қараша айына дейін толықтай түсіріліп, дайын болатынын айтады. Телехикая «Алматы» арнасынан желтоқсан айында көрсетілмек.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир