Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады. Отандастарымыз Португалиямен өткен матчта қарсыластарына есе жіберіп, ақтық сынға өте алмады. Тартысқа толы ойын 2:2 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында біздің спортшылар жеңіліс тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді футзалшыларымыз үздік үштіктен көріну үшін Бразилиямен ойнаса, финалда Аргентина мен Португалия құрамалары бақ сынасады.
«Бұл әлем чемпионатының жартылай финалы болды. Ойын тартысты өтті. Екі құрама да жақсы ойнады. Алдағы уақытта пенальти сериясынан қателеспес үшін әрі қарай жұмыс істеуге тырысамыз», – деді футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.
Одан бөлек, қақпашы Лео Игита жеңілістен соң қазақстандықтарға үндеу жасап, қола жүлде үшін болатын матчта соңына дейін қолдауға шақырды.
«Соңына дейін күрестік. Пенальти – лотерея тәрізді, одан ұта алмадық. Әрине, мен алаңда бар күшін салып ойнаған құраммен мақтанамын, бірақ сәтсіз болды. Алда әлі үшінші орын үшін матч бар», – деді Қазақстан құрамасының қақпашысы Лео Игита.