Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада жүлдегерлерін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Токио-2020 ХVI Жазғы Паралимпиада ойындарындағы аса үздік спорттық жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық комитеті» ҚБ нұсқаушы-спортшыcы Давид Мамиевич Дегтярев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталсын», – делінген жарлық мәтінінде.
Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев «Парасат» орденін кеудесіне тақты.
Нұрдәулет Жұмағали «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Жапония астанасы Токиода өткен XVI жазғы Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшылармен кездесіп оларға мемлекеттік наградалары мен қаржылай сертификаттарын табыстады.
«Кеше ғана төрткүл дүние ерен ерік-жігердің, темірдей төзімнің, өмірге құштарлықтың куәсі болды. Жаратқан адамның мүмкіндігін шектегенімен, ниетін шектемейтінін көзімізбен көрдік. Токиода өткен Паралимпиада ойындарында тағдырдан теперіш көрген жандардың ерлігіне жер жүзі тік тұрып құрмет көрсетті. Олай болуы заңдылық еді. Өйткені олар тепсе темір үзетін, он екі мүшесі дін-аман, дені сау кей адамдар жете алмаған жетістікке жетіп, белесті бағындырып, жеңіс туын желбіретті. Расында, бұл қандай құрметке де, қошметке де лайық әрекет», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Сонымен қатар, Токио Паралимпиадасы еліміз үшін аса табысты болғанын, дүбірлі додада қазақстандық спортшылар 5 медаль иеленіп, еліміз үшін рекордтық көрсеткіш орнатқанын атап өтті.
Қырымбек Көшербаев іс-шара барысында алтын медаль алған Давид Дегтяревке 106 миллион теңге, күміс медальге ие болған Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевтерге 63 миллион теңге, қола жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағалиге 31 миллион теңге қаржылай сыйақы табыстады.
Салтанатты іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.