Мақсат Исағабылов қазақ күресінен "Қазақстан барысы" ХІ республикалық турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған 25 миллион теңге, сондай-ақ алтын белбеу мен ауыспалы алтын "Тайтұяқ" табыс етілді.
Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдегер атанды. Ол 5,5 миллион теңге және Күміс белбеу иеленді. Қола белбеу Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. Оған 1,8 миллион теңге берілді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Вице-премьер "Қазақстан барысы" жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мектеп бағдарламасы аясында оқушылар спорттың осы түрімен белсенді айналысып келеді.
"Бүгінгі таңда 148 мың қазақстандық қазақша күреспен кәсіби айналысады. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 23 мектебінде қазақша күрес дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына енгізілді. Онда оқушылар ұлттық спорт түрімен шұғылданады", - деді Ералы Тоғжанов.
Дәурен Абаев турнир салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
"Жарысқа қатысушылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған баланың кумиріне айналатынына сенімдімін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік және жаңа жеңістер тілеймін", - деді министр.
Осы жылдың көктемінде ауылдық, аудандық, облыстық (қалалық) деңгейлерде және күш құрылымдарының өкілдері арасында іріктеу кезеңдері өткен болатын. Жарысқа бес мыңға жуық спортшы қатысып, 36 адам финалға жолдама алды.