|
15.07.2019 | 18:16
4944

Алматыда экстремалды жарысқа қатысушы қайтыс болды

Дәулет Бейсембаев екі шақырым жүгірген соң өзін жайсыз сезінген

Алматыда экстремалды жарысқа қатысушы қайтыс болды Zakon.kz

Оқыс оқиға шілденің 13-і күні болған. Дәулет Бейсембаевтың командасы сайысты жақсы бастайды. Алайда, шамамен 2 шақырымдай жүгіргеннен кейін кенет ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, отырып қалады. Артынша есінен танып қалған спортшы өмірін тіпті бір жарым минутта жеткен жедел жәрдем де құтқарып қала алмады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дәулеттің неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылар марқұмның отбасына қолдан келген көмекті аямайтындарын айтуда.

«Жігіттер жарысқа бірінші рет қатысты.  Бірақ бірден элита деңгейіне өтініш білдірді. Алдымен әуесқойлар арасында сайысқа түсіңдер дегенімізде, «жоқ, біз дайынбыз» деп, осы деңгейде жарысатындарын айтты. Содан соң өздері қолхат жазып берді. Команда мүшелері өте белсенді жігіттерден құрылған екен. Билеттерін алып, ертесі таңертең сәреде жолықтық. Жарыс таңғы 10-да басталды. Күн қатты ыстық та болған жоқ. Оның үстіне саябақтың ішінде қаланың ортасына қарағанда күн салқындау. Қойылған кедергілер де көлеңкенің астында болды. Әйтсе де, бұл оқиға барлығымызға сабақ болуы керек. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз», – дейді ұйымдастырушы Эльмира ЭЗЯМИ.

Экстремалды жарыс – Қазақстанда енді дамып келе жатқан спорт түрі. Биыл бұл сайыс жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Марафонға қатысу үшін, спортшы медициналық тексерістен өткені туралы анықтама алып келуі тиіс. Сонымен қатар, денсаулығына өзі жауап беретіні туралы қолхат жазуы керек. Жаттықтырушыл мұндай жарысқа дайындықсыз келудің қауіпті екенін айтуда. Қатысушы кем дегенде 3 немесе 6 ай жаттығуы керек екен.

«Экстремалды марафон басқаларға қарағанда өте қиын. Мұнда түрлі кедергілер қойылған. Яғни, тек жүгіріп қана қоймай, көп қозғалу керек. Аталған жарысқа жақсы дайындық керек. Меніңше, Дәулет Бейсембаевтың қайтыс болуына ауа райының қатысы жоқ. Бірақ ол да нақты емес. Сондықтан медициналық сараптаманы күткен дұрыс», дейді марафон жаттықтырушысы Игорь НЕМОВЧА.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир